ҚР ТЖМ Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығының ғалымдары Маңғыстау облысы ТЖД-мен бірлесіп өңір аумағын зерделеу экспедициясын бастады, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.
Экспедиция аясында жаңа сейсмикалық станциялар орнату жоспарланған аумақтарда зерттеу, барлау және бағалау жұмыстары жүргізіледі. Бұл – тарихи оқиға, себебі өңірде бұрын тұрақты сейсмикалық бақылау станцияларының желісі болмаған.
Ғалымдардың айтуынша, жаңа зерттеулер аймақтағы өзгерістерді бақылауға, ықтимал жер сілкіністерінің алдын ала болжамын жасауға және жер қыртысындағы үдерістерді терең түсінуге мүмкіндік береді. Жұмыс барысында геологиялық ерекшеліктер ескеріліп, жоғары сезімтал құралдар арқылы деректер жиналады.
Маңғыстауда сейсмикалық станциялар желісін орнату өңірдің қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, табиғи апаттардың алдын алу мен өңірдің тұрақты дамуына үлес қоспақ.