Тікелей эфир

Мәйітті донор ретінде пайдалану. ДСМ мен ҚМДБ ұстанымы қандай?

Ағза мүшелерін әлеуметтік желі арқылы саудаға шығаратындар саны артқан.

Денсаулық сақтау министрлігі мәйіт ағзасының мүшелерін донор ретінде пайдалану үшін туыстарының рұқсатын қажет етпейтін заңға өзгерістерді енгізуді жоспарлап отыр. Оған себеп – ағзасын қайтыс болғаннан кейін донорлыққа пайдалануға келісетіндердің саны азайған, деп хабарлады Astana.tv.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ел халқының 73 пайызы мәйіт доноры болуға келіспейді. Қазақстанда 6 трансплантация орталығы, 40 донорлық стационар, 16 аймақтық трансплантация үйлестірушісі жұмыс істегенімен, негізгі мәселе донор тапшылығында болып отыр. Қазақстанда 5 мыңнан астам адам ағза ауыстыруға мұқтаж. Оның бәрі күту парағында тұр.


Оқи отырыңыз: 


"Күту қағазында тұрған бағдарламалардың саны көбейіп келеді. Бірақ, оған қарамастан, мәйіт донорларының саны аз. Соған байланысты біздің науқастардың көпшілігі өзі қаражат тауып, шетелде ағза ауыстыру отасын жасатып келіп жатыр", – дейді Ұлттық ғылыми хирургия орталығы гепатопанкреатобилиарлы хирургия және бауырды трансплантаттау бөлімінің меңгерушісі Мақсат Досханов.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғаттың трансплантацияға рұқсат беретінін айтады. Бірақ, бұл ретте діни және медициналық тұрғыдан кейбір қағидаларға аса мән беру керек.


Оқи отырыңыз: 


"Адамның денсаулығына қатер төнген жағдайда тіріден тіріге ағзаларды трансплантация жасау рұқсат болғандай, зәру болған жағдайда өлген адамның ағзаларын тірі адамға да ауыстыруға болады. Өйткені, өлген адам Құран мен хадисте айтылғандай, тірі адаммен бірдей құрметке лайық болады. Әрі өлгеннен кейін мүшелерін басқа біреуге ауыстырған жағдайда да оның құрметі төмендемейді" делінген ҚМБД мәлімдемесінде.

Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасы заң жүзінде жүзеге асса, мәйіттің денесін донорлыққа пайдалану үшін туыстарының рұқсаты қажет болмайды. Бірақ, ол үшін азамат тірі кезінде медициналық тексеруден өтуі керек. Сондай-ақ, eGov.kz порталындағы "Денсаулық сақтау" бөліміне кіріп, трансплантацияға келісім беруі шарт.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары