Тікелей эфир

"Бүйрегімді сатамын" десеңіз, сотталасыз!

Фото stopstarenie.com сайтынан алынды
Фото stopstarenie.com сайтынан алынды
Әлемде жыл сайын 100 800 адам ағзасын ауыстырады. Оның 69 400-ы бүйрегін, 20 200-і бауырын, 5400-і жүректі, 3400-і өкпесін, 2400-ы ұйқы безін салдырған.

Бұл – Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) ресми сайтында келтірілген ақпарат.

Жаһандық донорлық және транспланттау обсерваториясының хабарлауынша, Африка (10 ел), Америка (21 ел), Еуропа (40 ел), Шығыс Жерорта теңізі аймағы (12 ел), Тынық мұхитының батыс бөлігі (12 ел), Оңтүстік-шығыс Азия аймағы (9 ел).донорлық пен транспланттау бағдарламалары ең көп қолданылатын аймақтарға жатады.

Ал Қазақстанда транспланттау оталары 2012 жылдан бері жасалып келеді. Биылдың өзінде маусым айына дейін 89 адамның ағзасы ауыстырылыпты.


2012 жылдан бері Қазақстанда жасалған ағза ауыстыру оталарының саны

Қазақстандағы 2012 жылдан бергі ағза ауыстыру оталарының саны / Халықаралық форумға дайындаған материалдардан


Ағза трансплантациясы қалай жасалады?

Алдымен айта кету керек, тірі кезінде өзі рұқсат бермесе кез келген адамның ағзасын алуға болмайды.

Бұл мәселе "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" ҚР Кодексінің 169-бабының 10 тармағына сәйкес реттеледі. Яғни, өлімі дәлелденген жағдайда ғана қайтыс болған адамнан транспланттау мақсатында тіндері және/немесе ағзасы (ағза бөліктері) алынуы мүмкін.

Өлгені туралы қорытынды биологиялық өлім тіркелгенде немесе ми өлгенде беріледі. Оған реанимация бөлімінің меңгерушісі немесе кезекші анестезиолог-реаниматолог қол қояды. Содан кейін шұғыл түрде транспланттау жөніндегі республикалық үйлестіру орталығына мидың өлгені туралы хабарлама жібереді.

Хабар алғаннан кейін орталық екі сағат ішінде "Халықты тіркеу регистрі" мәліметтер базасынан марқүмның көзі тірісінде ағзасын алуға рұқсат берген - бермегенін тексереді.

Кім ағза доноры бола алады?

Қазақстанда жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек, көздің қасаң қабығы, ұйқы безін транспланттау оталары жасалады.

Ағзаны ауыстыру үшін донор мен науқастың қан тобы бірдей және 70 пайыздан астам тіндер сәйкестігі болуы тиіс. 18 бен 65 жасқа дейінгі адамдардың ағзасы ауыстыруға жарайды. Бірақ ағза берушіге қойылатын қатаң талаптар бар.

– Алдымен жұқпалы аурулармен ауырмауы, дені сау болуы керек. Қажетті сараптамалардан өтіп, ағзасын ерікті әрі тегін беретінін рәсімдейді. Ота алдында донор болатын адам өз денсаулығы үшін жауапкершілікті мойнына алады, бірақ біз отаның сәтті шығуына барынша күш саламыз, – дейді ҚР ағзаларды транспланттау жөніндегі ұлттық үйлестірушісі Жақсылық Досқалиев.

Қайтыс болған адамның ағзаларын туыстарының рұқсатынсыз алуға болады

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" ҚР Кодексінің 169-бабында "Қайтыс болған адам тірі кезінде немесе оның жұбайы, жақын туыстарының бірі, не болмаса қандай да бір заңды өкілі тіндерін немесе ағзаларын транспланттауға келіспейтіні туралы өтініш қалдырса, онда ол мәйіттен ешқандай ағзаның алынуына жол берілмейді" делінген.

– Бірақ дәл осы Кодексте "келісім презумпциясы" бекітілгенін де білген жөн. Егер қайтыс болған адам тірі кезінде ағзасын алуға рұқсат ететіні туралы келісімді тиісті түрде рәсімдемесе, медициналық ұйым оның ағзаларын ала алады дегенді білдіреді.

Екі жағдайда: жедел өлім (апат, оқыс оқиға) болғанда және инсульт алғанда адам миы өлді деп тіркеледі. Ал миы өлген адам мәйіт деп саналады. Бірінші жағдайда сот-медициналық сараптамаға жіберіледі. Инсульт алған кезде патологиялық-анатомиялық сараптамадан өтеді.

Былайша айтқанда, екі жағдайда да денесі пышаққа түседі. Сол кезде оның ағзасы сау болса, онда оны алып мұқтаж адамға салуға болады. Алайда, біз оны жақындарымен келіскенді, оларға ескерткенді жөн санаймыз,–.дейді Досқалиев.

Донор болу немесе болмау үшін қандай құжаттарды рәсімдеу қажет?

"Қайтыс болғаннан кейін транспланттау мақсатында тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) ерікті түрде беру қағидаларын бекіту туралы" ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 18 мамырдағы № 360 бұйрығымен тірі кезінде донор болуға келісу немесе одан бас тарту шаралары реттеледі.

Осы бұйрықтың 4 тармағында келісімді тіркеу немесе келісімнен бас тарту әркімнің өзі тіркелген емханасында жүзеге асырылады делінген. Осылайша, кенеттен қаза болған жағдайда қазіргі заңнамада қарастырылған келісім презумпциясы орындалмай, тірі кезінде рәсімделген құжат арқылы донор болып, болмайтыны анықталады.

Өміріңізге қауіп төніп тұрса да транспланттаудан бас тартуға болады

Жалпы, "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі" ҚР Кодексінің 93-бабына сәйкес пациент медициналық көмектің кез келген түрінен бас тартуға құқылы. Бұл кезде дәрігерлер тарапынан науқас пен оның заңды өкіліне транспланттаудан бас тартудың зардабы түсіндіріледі, медициналық құжаттамада бұл туралы жазба жүргізіледі.

Алайда пациент кәмелет жасына толмай, орнына ата-анасы бас тартып отырса, медициналық ұйым оның құқығын қорғау мақсатында қамқорлық органына баруға немесе сотқа беруге құқылы. Бірақ, біздегі дәрігерлер науқастың өміріне қауіп төнген жағдайда жақындары мен өзінің келісімін алуға тырысады. Ол үшін консилиумдар ұйымдастырып, түрлі мамандарды шақырады, ақпарат құралдары мен денсаулық сақтау басқармаларының назарын аудартады.

"Бүйрегімді сатамын"

Бүкіл әлем бойынша сау ағзаларға деген сұраныстың артып отырғаны белгілі. Сол себепті де ғаламторды жайлаған жарнама мен хабарландырулардан көз сүрінеді. "Бүйрегімді сатамын" деп жазғандардың көпшілігі – жастар. Ақшадан қысылдым деп өз ағзасын саудалайтындардың басты құралына айналған интернеттен . миллиондаған хабарландыруды қадағалап отыру мүмкін емес.


вывы

Қазақстан аумағында донор боламын деп, интернетте ағзасының бағасын жазып қоятындар да табылады / Скрин әлемжелідегі ашық дереккөздерден алынды


Ағзасының бағасын белгілегендердің ашық дереккөздердегі жаға ұстататын осындай хабарландыруларына тосқауыл қою тіпті мүмкін емес. Жақындарының рұқсатынсыз әрі жасырын түрде ағзасын саудалайтындар да бар.


ууу

Интернетте осындай хабарландырулар көп / Әлемжелідегі ашық дереккөздерден алынған скрин


Ал қара базарда адам ағзасы қанша тұрады?

Лос-Анджелестің Ranker.com сайты адам ағзаларының қара базардағы орташа бағасы туралы ақпарат жариялаған болатын.

Мұнда бүйрек – ең өтімді де қымбат тауар саналады екен. Ол заңсыз сауданың 75%-ын құрайды. 200 мың доллардан сатылады. Ал Үндістан мен Қытайда әлдеқайда арзан, 15-60 мың доллар аралығында.

Бауыр да – көп сатылатын тауар. Оның бағасы 157 мың долларға дейін жетеді. Өт қабы 1200 долларға сатылады.

Ал заңсыз нарықтың дилерлері көкбауырға 500 доллар ұсынады. Көкбауырсыз өмір сүру қиын. Бірақ адамдарға мұндай ота әлі жасалмаған. Көкбауыр ауыстыру отасы тәжірибеде кеміргіштерге ғана жасалып, оң нәтиже берген.


Бүйрек – заңсыз нарықтың құнды тауары

Бүйрек – заңсыз нарықтың құнды тауары / Фото ukraina.ru сайтынан алынды


Әлемдік трансплантация тарихында алғашқыда жүрек миллион доллардан асқан қаржыға ауыстырылды. Ал бүгінде заңсыз нарық оны 119 мың долларға бағалайды.

Аш ішекті транспланттау өте күрделі ота болғанымен, екі мың жарым доллардан бастап сатылады.

Асқазан – сирек сатылатын тауар деп есептеледі екен. Бірақ 500 долларың болса, оны да табуға болады.

Дәрігерлер иық буындарын ауыстыру қажет болғанда жасанды имплант салады. Алайда "тірі" материал керек болса, дилерлер оны 500 долларға ұсынады.

Сүйек пен байламдар да өтімді тауарлар қатарында

Мұндай "жиынтық" үшін екі-үш мың доллар болса жеткілікті. Сүйек майының грамы заңсыз түрде 23 мың долларға дейін саудаланады.

Заңсыз нарықта сатылатын адам ағзасы мен дене бөліктерінің ішінде транспланттау отасына арналмағандары да бар.

Себебі олардың кейбірі дәрігер-ғалымдардың немесе ерекше заттар жинағанды ұнататындардың қолына түсіп жатады. Мысалы, тістері сақталған бас сүйек үшін 1200 доллар беретіндер де табылады. 2015 жылы америкалық мамандар бас терісін ауыстыру отасын сәтті жасаған болатын. Дилерлер бас терісін 600 доллардан ұсынып отыр.

Қан – қашанда өтімді тауар саналады, сонда да жетіспей жатады. Заңсыз нарықтағы бағалары әр түрлі. Орташа алғанда жарты литрден сәл ғана асатын қан 337 доллар тұрады.

Парик өндірісіне тапсырылатын шаштың 25 сантиметрі 70 долларға бағаланады.

Заңсыз нарықтан бәрі де табылады, тері ауыстыруға да шаршы дюйміне (6,5 х 6,5 сантиметр) 10 доллар төлейді.

Ал адам миын бұл нарықта тек медициналық зерттеулер үшін сатып алады. Танымал адамның миы немесе сирек патологиясы бар үлгі болса ғана қымбатқа бағалануы мүмкін. Шыныға салынған қарапайым ми ең көп дегенде 100 долларға сатылады.

Қазақстанда ағза сату заңсыз

– Адам ағзаларын сатумен күрес бойынша Еуропа кеңесі Конвенциясына сәйкес "Адам ағзасы сауда-саттық заты немесе қаржылай пайда табудың көзі болмауы тиіс". Ал "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекстің 169-бабының 3-тармағында Қазақстанда адам ағзаларын сатып алу-сатуға тыйым салынған.


Маған донор керек деп жылап келетіндер бар, ал менің ағзамды алыңызшы деген адам болған емес, - дейді Жақсылық Ақмырзаұлы

– Маған донор керек деп жылап келетіндер бар, ал менің ағзамды алыңызшы деген адам болған емес, – дейді Жақсылық Ақмырзаұлы / Фото автордыкі


– Бізде сатамын деп тұрған ағзаны ешкім алмайды. Дәрігерлер де қабылдай алмайды. Себебі, отадан бұрын нотариустың алдында қолхат рәсімделеді, онда донор ағзаны рецепиентке тегін беремін деп жазады. Ол құжатсыз ешкім де оның ағзасын басқа біреуге салмайды. Ал қазақстандықтың шетелге барып донор болуы біздің заңда көрсетілмеген, – дейді Жақсылық Досқалиев бізге.

ДДСҰ сарапшылары да адамның ағзасын саудалауға түбегейлі қарсы. Ұйым ерікті түрде әрі тегін донор болу принципін қолдайды. ДДСҰ транспланттау бағдарламаларының үйлестірушісі, дәрігер Люк Ноэльдің пікірінше, донорлық мәселесі моральдық-адамгершілік сипатқа ие, оны талқылауға отбасының барлық мүшелерінің қатысқаны жөн.

Бұл тақырыпта әлем елдерінің трансплантологтары қатысқан көптеген жиындар өткен. 2008 жылы Стамбулда ұйымдастырылған саммитте Транспланттациялық туризм және ағза саудасының Стамбул декларациясы қабылданды.

Қазақстанда заңсыз ағза сатудың бір ғана дерегі тіркелді

2015 жылы елімізде 40 жастағы азамат өз бүйрегін сатқанын жалпақ жұртқа жария еткен болатын. Онда да рецепиенттің анасы оны алдап, ақшасын бермеген. Оған қоса ұрып-соғуына байланысты полицияға шағым түсіргеннен кейін бүкіл республиканы дүрліктірген шу шықты.

Кеңес үкіметі кезінде жануарлардың тамырын адамға салатын еді...

Тәжірибелі трансплантолог Жақсылық Досқалиевтің айтуынша, қазір ондай ота жасалмайды. Бірақ, трансплатология және онкология институтының мамандары малдың ішкі құрылысының жабындысын терісі күйіп қалған адамдарға салып, оның үстіне терінің жасушаларын отырғызу бойынша зерттеу жасап көрген. Білікті дәрігер осы зерттеудің келешегі зор деп отыр.

Кезек күткен ауру көп

Қазіргі таңда бүгін-ертең, әрі кеткенде жарты жылдың көлемінде ағзасын ауыстырмаса өліп кетуі мүмкін деген адамдардың донор күту тізімі құрылған. Сол тізім бойынша 2552 адам бүйрегін, 550 адам бауырын, 150-ге жуық адам жүрегін, 15-і өкпесін ауыстырулы күтіп жүр. Оның ішінде ересектер де, балалар да бар. Ал негізі, транспланттау отасын қажет ететіндердің саны бұдан да көп.

Ағза ауыстыру бір күнде бітетін жұмыс емес, науқас кем дегенде 5-6 жыл өз донорын күтеді.

Мәйіттің ағзалары 8 адамның өмірін құтқара алады

Осы орайда дамыған елдердің тәжірибесінде бұл мәселе мәйіттік донорлықты дамыту арқылы шешіліп жүр. Себебі, миы өлген адамның сау ағзалары – жүрек, бауыр, екі бүйрек, екі көздің қасаң қабығы, ұйқы безі, өкпесі 8 адамның өмірін құтқара алады екен.


Әлемнің дамыған елдері мәйіттік донорлық арқылы ағза ауыстыруды жыл өткен сайын дамытып жатса, Азия елдеріндегі көрсеткіш әлі де төмен

Ағза ауыстырудан Азия елдеріндегі көрсеткіш әлі де төмен / Халықаралық форумға дайындаған материалдардан


Әлемнің дамыған елдері мәйіттік донорлық арқылы ағза ауыстыруды жылдан жылға дамытып жатса, Азия елдеріндегі көрсеткіш әлі де төмен.

Ал Қазақстанда бүгінге дейін 81 ғана мәйіттік донордың ағзасын салу отасы жасалған. Мұндай донорлыққа 2009 жылы заң жүзінде рұқсат етілді. Отандық мамандар да донорлықтың бұл түрін жедел дамытуымыз керек деп дабыл қағып отыр.

Трансплантологиясына қарап медицинасының жайын біл

Осы саланың ұлттық үйлестірушісі "Егер мемлекетте ағза ауыстыру отасы жасалмаса, ол жерде медицина дамыған деп ешкім де айтпайды" дейді.

Елімізде отандық трансплантология саласы енді дамып келе жатыр. Себебі бізде Жапония, Оңтүстік Корея, Германия, Америка, Түркия, Австрияда даярланған мамандар жұмыс істейді. Бүгінде шетелден шақырту алып, оқуға, жұмысқа кетіп жатқан хирургтарымыз да бар.

Транспланттау отасы қазақстандықтарға тегін, ал шетелдіктерге 3-4 миллион теңге. Дәрігерлердің айтуынша, қазақстандық науқастарға сәйкес келмеген мәйіттік донорлардың ағзасын шетел азаматтарына салуға тыйым салынбаған.

Бізде транспланттау операциялары Ақтөбе мен Шымкентте, Астанадағы ана мен бала, трансплантология және онкология орталықтарында, Алматыдағы Сызғанов атындағы хирургия институты мен кардиохирургия орталығында жасалады.

Серіктестер жаңалықтары