Тікелей эфир

Ұрық доноры, жасанды түсік, және ЛГБТ. ҚМДБ ғұламалар кеңесі биыл қандай пәтуалар шығарды?

Жыл басынан бері 18 пәтуа қабылданған.

ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесі шариғат негіздеріне сүйеніп, мұсылман қауымы арасында туындаған түйткілді мәселелерді талқылап, дер кезінде шешім шығарып, пәтуа қабылдап келеді. Осы орайда Informburo.kz 2021 жылы қабылданған пәтуаларды ұсынады.

№1. Екпе егуге бола ма?

Үкім. Аурудың алдын алу мақсатында вакциналау ­– мүбах (рұқсат). Мұндай вакциналау әрбір азаматтың келісімі бойынша орындалуға тиіс.

Қоғамда жұқпалы аурулар күшейіп, өзіне және өзге адамдарға зияны тию ықтималы артса, сол ауруға қарсы екпе алу қажет болады.

Қолданатын вакцинаның құрамы харам заттардан және нәжіс атаулыдан таза болуға тиіс. Бірақ халал вакцина табылмаса және вакциналауға зәрулік туындаса, кәсіби мамандардың нұсқауымен қолда бар екпені қабылдауға рұқсат етіледі.

№2. Төлем карталарын қолдануға рұқсат па?

Үкім. Дебеттік картаны қолдануға рұқсат етіледі.

Эмитент карта қабылдаушыдан тауарлар мен қызметтер құнының белгілі бір пайызынан комиссия алуына болады. Бірақ карта қабылдаушы тауардың құнын өсірмей, нарықтағы бағаға сатуы қажет.

Эмитент клиенттен картаның қызметіне, оны шығару мен қайта ауыстыруына, ақы алуына болады.

Дебеттік карта арқылы алтын, күміс және қолма-қол ақшаларды сатып алуға болады. Клиенттің бір затты сатып алғаны үшін жеңілдік ретінде түскен бонустарды қолданудың оқасы жоқ. Кредиттік картада өсімге алып баратын шарт қамтылғандықтан, қолдануға болмайды.

№3. Баланы қамқорлыққа алудың үкімі қандай?

Үкім. Ер мен әйелдің некесі бұзылғанда баланы қарамығына алуға, ең алдымен, өз анасы құқылы. Бірақ анасы бала тәрбиесіне жарамсыз немесе сенімсіз болса, сондай-ақ басқа ерге тұрмысқа шықса, бұл құқықтан айырылады. Сосын бала белгіленген тәртіп бойынша әйелдің басқа туыстарына беріледі. Әйелдің баланы қарамағына алатын туыстары табылмаған жағдайда оны тәрбиелеу құқығы әкесіне, кейін жақын ер туыстарына, сосын нағашыларына белгіленген тәртіппен өтеді.

Балиғат жасына толмаған балаға өзіне қамқоршы таңдау құқығы берілмейді.

Қази баланы біреудің қолына беруден бұрын жан-жақты қарастырады және бала зиян шекпейтін, оған пайдалырақ, ең оңтайлы шешім қабылдауы шарт.

Қыз бала жақын туыс емес ер адамға және арсыз пасықтың қолына берілмеге тиіс. Ұл баланың жасы жетіге толғанда, қыз бала етеккір көргенде өз әкесіне немесе әкесінің ер туыстарына қайтарылады.

№4. Исламда ұрық донорлығына рұқсат етіле ме?

Үкім. Шариғат бойынша аталық ұрық пен аналық жұмыртқа жасушасын сату немесе сыйға беру – харам. Бұл жолмен табылған табыс та харам болады.

Ұрық донорлығы некесіз ер мен әйел арасында жүзеге асатын болса, зина жасағанмен тең. Мұндай жолмен дүниеге келген бала зинадан туған болып есептеледі.

Өлген адамның ұрығын яки аналық жұмыртқа жасушасын донор ретінде пайдалану да – харам.


Оқи отырыңыз: QazVac вакцинасы халал сертификатына ие болды 


№5. Жалға алған мүлікті жалға беруге бола ма?

Үкім. Жалға алған мүлікті келесі бір тарапқа қалаған бағасына жалға беруге болады. Тек мүліктің негізін өзгертпеуі шарт.

Күнәлі іске пайдаланатыны белгілі болса, кез келген мүлікті жалға беруге болмайды.

№6. Жасанды түсік жасату шариғатқа қайшы емес пе?

Үкім. Шариғат бойынша, ешбір себепсіз жасанды жолмен түсік жасатуға рұқсат берілмейді. Негізгі үкімі – харам. Алайда, мына екі жағдайда:

  • Ана құрсағындағы ұрыққа жан біткеннен кейін, яғни шарананың өмірі 120 күнге толған болса, кемінде екі сенімді дәрігердің медициналық қорытындысымен, сондай-ақ құрсақтағы ұрықтың ана өміріне қауіп төндіретіні анықталған жағдайда ғана, түсік жасатуға рұқсат етіледі;
  • Даму кезеңі 120 күнге толмаған жатырдағы балада ақау бар екені анықталса немесе анасының денсаулығына сол себепті қауіп төнсе, білікті әрі сенімді медицина мамандарының шешімімен, сондай-ақ ата-ананың келісімімен баланы алуға рұқсат беріледі.

№7. Зекетті мешіт шығындарына қолдануға бола ма?

Үкім. Зекет Құранда сегіз топтағы адамдарға беріледі: кедейлерге, (ештеңесі жоқ) міскіндерге, сол үшін жұмыс істейтіндерге (зекет жинаушыларға), жүректері (Исламға) бұрылғандарға (дінді қабылдауы үміт етілгендерге), құлдарды азат етуге, шығынға (қарызға) батқандарға, Алла жолында жүргендерге және (жолда қалып қойған) жолаушыларға.  Алайда қажеттілік туындағанда мешіт және медресе шығындарына (су, жылу, жарық т.б.) жұмсауға рұқсат етіледі.

№8. ЛГБТ үкімі қандай?

Үкім. Лесбиян, гей, бисексуал мен трансгендердің іс-әрекеттерінің шариғаттағы үкімі – харам. Бұл адам баласының жаратылысына қайшы келетін арсыздық.

Кімде-кім өз жаратылысына қарсы шығып, жынысын ауыстырса, оның ашық адасқаны әрі ондай адам Алланың қарғысына ұшырайды. Мұндай адам шынайы тәубе етіп, емделуі қажет.

Егер тәубе етіп, арсыз әрекетінен бас тартпаса, оның жаназасы оқылмайды және ақыреттегі жазасы өте ауыр болады. 


Оқи отырыңыз: ҚМДБ 2022 жылғы діни күндер кестесін бекітті


№9. Парақорлықтың шариғи үкімі қандай?

Үкім. Пара алу мен пара беру және параға дәнекерлік жасау – харам. Парақорлық жолмен табылған табыс та харам болып саналады.

Пара алумен жиған дүние иесіне қайтарылады. Мүліктің (параның) иесі табылмаған жағдайда, мұқтаж жандарға таратылады.

№10. Түзеу мекемелерінде намазды қосып оқуға бола ма?

Үкім. Ханафи мәзһабы бойынша қажылықта Арафа және Мұздалифада ғана екі уақыт намазды қосып оқуға рұқсат беріледі. Қалған кездерде бес уақыт намаз өз уақытында оқылуы шарт.

Түзеу мекемелерінде намазды өз уақытында оқуға рұқсат берілмеген жағдайда қамаудағы адамға өзге үш мәзһабтың пәтуасын негізге ала отырып, бесін мен екінті намаздарын бесін немесе екінті уақытында, ақшам мен құптан намаздарын ақшам немесе құптан уақытында (қосып) оқуға рұқсат беріледі.

№11. Түсік құны қанша тұрады?

Үкім. Ана құрсағындағы ұрыққа жан түскеннен кейін, яғни шарананың өмірі 120 күнге толған кезде шариғи себепсіз түсік жасату ауыр күнә (харам) әрі қылмыс. Сол қылмысты жасаған адамның ғұрра (түсік құнын) беруі уәжіп.

Түсік жасап қылмысқа қол ұрған адам (нәрестенің анасы, әкесі, т.б.) әке жағынан ер туыстарымен (аға-інілері мен олардың ұлдары, әкесінің аға-інілері мен олардың ұлдары т.б.) бірге түсік құнын төлейді. Түсік құны бір жылдың ішінде өтелуі шарт.

Түсік құны 5 түйе немесе 50 динар (212,5 грамм алтын) деп бекітілді. Алтынның бағасы ҚР Ұлттық банкі белгілеген 585 пробамен есептеледі. Бүгінде түсік құны 3 млн 250 мың теңгені құрайды.

Түсік құны мұралық үлес бойынша таратылады. Ал ісімен, сөзімен және бейтараптылық білдірумен түсік жасауға себепші болған нәрестенің туысы мұрагерлік құқығынан айырылады.

№12. Үй құстарын механикалық құрылғылармен союға бола ма?

Үкім. Шариғат талаптары бойынша үй құстарын "бисмилләні" айтып, қолмен бауыздау шарт. Қажеттілік жағдайда үй құстарын механикалық құрылғылармен бауыздауға рұқсат етіледі. Бірақ мынадай шарттар орындалуға тиіс:  

  •  Аппаратты қосушы мұсылман болуы;
  •  Құсты талдыратындай мөлшерде ғана токпен ұру;
  •  Аппаратты қосу барысында "бисмилләні" айту. Егер аппарат белгілі бір себептермен тоқтап қалса, оны қайта қосқанда "бисмилләні" тағы айтуы шарт;
  •  Құсты бауыздайтын құралдың өткір болуы;
  •  Құстың мойын артериясының толыққанды кесілуін қадағалау;
  •  Құс бауыздалып, жаны толық шыққаннан кейін қауырсындарын тазалау үшін белгіленген температурадан асырмай ыстық суға салу.  

Оқи отырыңыз: Мұсылман құқығы мен тарихи жылнама. Қолжазбалар орталығындағы ең көне 12 кітап 


№13. Форекс саудасымен айналысуға рұқсат па?

Үкім. Форекс саудасында өсім, құмар, біреудің малын харам жолмен жеу орын алғандықтан, онымен айналысуға болмайды. Сонымен қатарвалютаның қолма-қол (шынайы әрі үкім жағынан) жүзеге аспауына, жеке тұлға мен экономикаға зиян келтіруіне байланысты форекс нарығында табыс табуға тыйым салынады.

№14. Жасанды жолмен жаңбыр жаудырған дұрыс па?

Үкім. Ғылым мен технологияның көмегімен жаңбыр жаудыру – шариғатқа қайшы емес.

Жасанды жолмен жаңбыр жаудыру қоршаған ортаға, адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге зиян тигізетін болса, рұқсат етілмейді.

№15. Мәйітті басқа жерге көшіріп жерлеуге бола ма?

Үкім. Мәйітті қайтыс болған жерінде жерлеген дұрыс. Егер денесі бұзылмайтын болса, туған жеріне немесе мәйіт иесі қалаған басқа жерге апарып жерлеуге рұқсат.

Жерленген мәйітті ешбір себепсіз қайта қазып алып, екінші бір жерге көшіріп жерлеуге шариғат тыйым салады.

Марқұмның қабірінен топырақ алып, туған жеріне немесе туыстары жерленген қабірстанға апарып, қабір жасау дұрыс емес. Ол қабір болып саналмайды.

№16. "Гив" ойнатуға бола ма?

Үкім. Гив ойынында парақшаға тіркелушілер тарапынан кіру жарнасы алынса немесе бір затты сатып алу шарты қойылса, ондай конкурсқа қатысуға тыйым салынады. Одан тапқан табыс шариғат бойынша харам болады.

Тіркелушілерден кіру жарнасы алынбаса және ұтыс демеушілер тарапынан қойылса, шариғат бекіткен шарттар толықтай орындалса, ол ойынға рұқсат етіледі.

Ескерту: Қазіргі таңда көптеген ұтыс ойындарында шариғат бекіткен шарттар толық орындалмайтынын ескерген жөн. Сондықтан мұндай ойындардан сақ болу керек.


Оқи отырыңыз: Фамилия ауыстырудың тәртібі қандай?


№17. Некені онлайн түрде қиюдың үкімі қандай?

Үкім. Неке қию кезінде күйеу мен қалыңдық және куәгерлер бір жерде болуы, сондай-ақ айтқан сөздерін бәрі естуі шарт. Сондықтан онлайн түрде неке қиюға рұқсат етілмейді*. 2. Белгілі себептермен неке қиятын адам (имам, молда) басқа жерде, ал күйеу мен қалыңдық және куәгерлер бір шаңырақ астында отырып, неке қиюға рұқсат етіледі. 

№18. Әйелдің ерінің тегін қабылдауы шарт па?

Үкім. Әркім өз әкесінің атымен аталу керек. Әкесінің атын өзгерту – харам.

Тұрмысқа шыққан әйел өз тегінде қалғаны абзал, ерінің тегіне өту-өтпеуі өз еркінде. Алайда күйеуі әйеліне өз тегіне өтуін міндеттеуі дұрыс емес.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары