Тікелей эфир

Киножобалар питчингі: Ең алдымен үздік сценарий таңдалады

Питчингке компаниялар әр категория бойынша тек 2 жоба өткізе алады.

Отандық киногерлер жыл басынан бері питчингке құжат өткізу тәртібін өзгерту, Сараптамалық кеңестің құрамын қайта қарау және сценарлық комиссия құру бойынша мәселелерді көтеріп келеді, деп хабарлады "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" КЕАҚ баспасөз қызметі.

Осыған байланысты киногерлердің қатысуымен қолданыстағы ҚР "Кинематография туралы" заңының нормативтік-құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс тобы құрылған болатын. 

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығында жұмыс топтарының кезекті отырысы өтті. Жиынға киногерлерден бөлек, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетінің төрайымы Күміс Сейітова, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали қатысты.

Мамандар мынадай өзгерістер енгізуді ұсынды:

  • Сараптама кеңесі әуелі ең үздік және қызықты деген сценарийлерді таңдайды. Содан кейін таңдалған киножобалардың тиісті құжаттары жиналып, питчингке қатысуға жіберіледі (құжаттарды тапсырғаннан кейін анықталған қателерді түзеуге 3 күн беріледі);
  • Питчингке компаниялар әр категория бойынша (көркем, деректі және анимациялық фильмдер) тек 2 жоба өткізе алады;
  • Мемлекет қаржысын алуға үміткер киножобаларды қабылдайтын Сараптама кеңесі 15 маманнан тұруы керек. Әр категорияның (көркем, деректі және анимациялық фильмдер) өз Сараптама кеңесі (5 мүшеден) болады. Бірақ қорытынды шешімді бірігіп шығарады;
  • Сараптама кеңесінің құрамында кинотанушы, киносыншы, кинопрокат саласының өкілдері және міндетті түрде киноөндірісіне қатысы бар мамандар болуы шарт;
  • Кеңес мүшелерінің қаржыландыруға ұсынған киножобада жұмыс істеуіне немесе ақылы қызмет көрсетуіне құқығы жоқ;
  • Питчинг аяқталғаннан кейін Сараптамалық кеңестің қорытындысы мен Ведомствоаралық комиссияның ұсыным нәтижелері Киноорталықтың интернет-ресурсында бірден жарияланады.

Оқи отырыңыз: Мұрағаттағы ұлттық фильмдер телеарналарға беріледі


Бұл енгілізуі мүмкін өзгерістердің тек бір бөлігі ғана. Киноорталықтың басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағалидың айтуынша, бұған дейін жұмыс тобының мүшелерімен бірнеше отырыс өтті. Киногерлерден әлі де көптеген ұсыныс түсіп жатыр. Алдағы күндері оның барлығы жіті қаралып, құжат жобасына енгізілмек.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали

"Мақсатымыз – отандық киноиндустрияны дамытатын, сала мамандарының шығармашылығына еш кедергі келтірмейтін, қазіргі заманға лайықталған "ортақ ереже" қабылдау. Ең бастысы, біз бұл жұмыстарды кино саласы мамандарының өздерімен бірігіп, ақылдасып атқарып жатырмыз. "Келісіп пішкен тон келте болмайды" деген үміттеміз", – деді Құрманбек Жұмағали.

ҚР "Кинематография туралы" заңының нормативтік-құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу бағытындағы жұмыс топтарының отырыстары алдағы уақытта да өтетін болады. Қорытынды ұсыныстар жинақталғаннан кейін Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданады.

Серіктестер жаңалықтары