Жаңа жоба жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды балалар үйіне емес, бірден патронат отбасына беруге мүмкіндік береді, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Кәсіби патронат отбасы институты балалардың асырап алушы ата-аналарын тез тауып, үйде бейімделуі үшін қажет.
"Қазақстанда бала асырап алудан бөлек, балаларды отбасына орналастырудың қорғаншылық, қамқоршылық, патронат тәрбие, патронат отбасы сияқты түрлері бар. Алайда балалар үйлерінде ауыр аурулары бар және дамуында артта қалған балалар қалады. Бұл балалардың отбасында тәрбие алу мүмкіндігіне ие болуы үшін денсаулық жағдайына қарамастан барлық баланы қабылдауға дайын кәсіби патронат отбасылар институты құрылады", – деді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда патронат тәрбиешілердің жалақысы артады
Кәсіби патронат тәрбиешілерге қойылатын талаптарды, психологиялық дайындық бағдарламасын, әлеуметтік кепілдіктер мен төлемдер тізбесін әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жоспарға сәйкес, балалар кәсіби патронат отбасына 3 айға дейін қысқа мерзімге және 3 айдан кәмелетке толғанға дейін ұзақ мерзімге берілуі мүмкін. Балаларды тәрбиелеуге беру келісім негізінде жүзеге асырылады. Асырап алушы ата-аналар балаларының санына және олардың отбасында болу мерзіміне байланысты өз еңбегі үшін ақы алады.