Тікелей эфир

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметтің гибридті моделін талқылады

Университет түлектерінің мемлекеттік органдардағы төменгі лауазымдарға конкурстан тыс тағайындалуы туралы да әңгіме өрбіді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайды қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай Президентке мансаптық және позициялық модель элементтерінен тұратын мемлекеттік қызметтің гибридті моделін қалыптастыру жұмыстары туралы баяндады.

Сонымен қатар, ашық мемлекеттік аппарат құру, атап айтқанда, жеке сектордан білікті мамандарды тарту және жоғары оқу орындарын үздік бітірген түлектерді төменгі лауазымдарға конкурс өткізбей-ақ тағайындау шаралары жөнінде мәлімет берілді.

"Президентке e-Qyzmet жүйесі бойынша мемлекеттік қызметке іріктеу жөніндегі пилоттық жобаның қорытындысы таныстырылды. Соның нәтижесінде бос лауазымдарға орналасу үшін конкурсқа қатысушылар саны 2,7 есе артты. Биыл e-Qyzmet іріктеу жүйесін барлық мемлекеттік органға кезең-кезеңімен енгізу жұмыстары басталды", – деп жазылған хабарламада.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа Агенттіктің мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау және басқару жүйесін бюрократиядан арылту салаларына қатысты жұмыстары туралы ақпарат берілді.


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Халықтың жартысының табысы 50 мың теңгеден аспайды, бұлай өмір сүру мүмкін емес


Кездесу соңында Президент сервистік және адамдарға бейімделген мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыру және мемлекеттік қызмет жүйесіне заманауи технологияларды енгізу ісін жалғастыруды тапсырды.

Серіктестер жаңалықтары