Швейцарияның Женева қаласында өткен Global Media Day шарасында Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының Тұрақты даму жөніндегі аға вице-президенті және бас экономисі Мари Оуэнс Томсен әлем бойынша авиациялық тұрақты отынның өндірісіне қатысты мәселелер туралы айтып берді.
Болжам бойынша, 2025 жылы SAF өндірісі әлемде 2,4 млрд литрге (1,9 млн тонна) жетуі тиіс. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен екі есеге жуық көп болғанымен, 2026 жылы SAF өндірісінің өсімі баяулап, 2,4 млн тоннаға ғана жетеді. Яғни, өсім 0,5 миллион тоннаны құрауы мүмкін.
Сондай-ақ, 2025 жылы SAF жалпы авиаотын тұтынуының тек 0,6%-ын құрайды, ал 2026 жылы бұл көрсеткіш 0,8%-ға дейін өседі. Бағалардың қазіргі деңгейінде SAF үшін төленетін үстеме ақы 2025 жылы салаға қосымша 3,6 млрд доллар шығын әкеледі.
"SAF өндірісінің өсімі біз күткен деңгейге жете алмады. Саяси себептер SAF өндірісі саласының дамуын тежеді. Егер олардың мақсаты прогрестің баяулауы мен бағаның өсуі болса, біз саясаткерлер өз мақсатына жетті деп айта аламыз. Бірақ, біздің мақсат – авиация саласын көміртексіздендіру және ол үшін тұрақты авиациялық отын өндірісін дамыту болуы керек. Бұл ретте қателіктерден сабақ алып, SAF өндірісін дамыту шараларын бірлесіп әзірлеуіміз керек", – деді IATA бас директоры Уилли Уолш.
Global Media Day шарасында белгілі болғандай, Еуропалық Одақ пен Ұлыбритания SAF өндірісінің қарқынын арттыра алмаған. Айталық, Еуропаның ReFuelEU Aviation ережесі аясында шектеулі SAF көлемі мен жеткізу тізбегі олигополияға байланысты шығындар күрт өскен. Отын жеткізушілер бағаны өте жоғары көтеріп, бұл нарыққа кері әсерін тигізген. Мысалы, әуе компаниялар үшін SAF басқа авиаотын түрлерінен 5 есе қымбат бағаға алуға мәжбүр. Сондай-ақ, Ұлыбританияда да SAF бағасының күрт өсуіне байланысты туындаған шығындар әуе компанияларына жүктелген.
Саяси реттеудегі тиімсіз шешімдердің салдарынан 2025 жылы әуе компаниялары 1,9 млн тонна үшін 2,9 млрд доллар артық төлеген. Оның ішінде 1,4 млрд доллар – SAF пен кәдімгі отын арасындағы баға үстемесі.
"Еуропаның бытыраңқы саясаты инвестицияларды баяулатып, SAF өндірісін ұлғайтуға бағытталған шараларды тежеп отыр. Еуропалық реттеушілер бұл тәсілдің тиімсіз екенін мойындап, бағытты жедел өзгертуі тиіс. Еуропалық комиссияның STIP бағдарламасына қатысты соңғы жасаған мәлімдемесі қуантады. Бұл – дұыс қадам, бірақ мерзімдері әлі анық емес. Біз үшін бұл ретте сөз емес, іс маңызды", – деді Уилли Уолш.
SAF өндірістік қуатын арттырудың тежелуі әуе компанияларын өз мақсаттарын қайта қарауға мәжбүрлеп отыр.
"Өкінішке қарай, 2030 жылға қарай 10% SAF үлесін пайдалануға міндеттеме алған көптеген әуе компанияларф енді бұл міндеттемелерін қайта қарауға мәжбүр болады. SAF өндірісі қазіргі деңгейде бұл мақсатқа қол жеткізу үшін жеткіліксіз. Бұл міндеттемелер дұрыс бағытта болатын, бірақ оларды орындау мүмкін емес", – деді Уилли Уолш.
Ұлыбританияда 2028 жылы, Еуропа Одағында 2030 жылы e-SAF қолдану талаптары күшіне енеді. Осыған байланысты бұрынғы саяси қателіктерді қайталамау өте маңызды.
"SAF өндірісі төмен деңгейде қалып отырғандықтан, қазіргі саясаттың тиімділігі жоқ екені айқын. Осыны ескере отырып, реттеушілер бағытты өзгертіп, SAF өндірісінің ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етіп, шығындарды төмендету үшін ауқымды өндірісті қолдауы тиіс", – деді IATA Тұрақты даму жөніндегі аға вице-президенті және бас экономисі Мари Оуэнс Томсен.
Еске салайық, қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары жақын уақытта Jet A-1 маркалы авиациялық тұрақты отын түрін өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Бұл парник газдары шығарындыларының үлесін қысқартып, экологиялық көрсеткіштерді жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл ретте Қазақстан америкалық LanzaJet компаниясымен тұрақты авиациялық отын өндірісін бастаудың мүмкіндігін қарастырып жатыр. Одан бөлек, Қазақстанда отандық зауыттарда авиаотын өндірісін 2026-2032 жылдар кезеңінде 1,7 миллион тоннаға дейін арттыру жоспары бар.
USD:
519.9 / 522.5
EUR:
603.0 / 608.0
RUB:
6.55 / 6.69

