Тікелей эфир

Хронобиолог ғалым мұсылман халықтар неге ұзақ жасайтынын айтты

Ғалым оның себебін табиғи ырғақты сақтаумен байланыстырады.

Хронобиолог, Ұлттық ғылым академиясының кореспондент-мүшесі Сұлтан Төлеуханов Qazaq universitеti газетіне берген сұхбатында адамдардың табиғи ырғақты сақтауы оның денсаулығына тікелей әсер ететіні туралы әңгіме қозғады.

"Мұсылман еліне барғанда әдейі адамдарға қараймын. Египеттің астанасы Каирде болғанымда, үлкен жасқа келген аталар мен әжелер көптігін байқадым. Ол жақта өмір сүру оңай емес. Халық көп. Дегенмен адамдары ұзақ өмір сүреді және түр сипаты да келісті. Израильде, Пәкістанда болғанда да жасы келген, үлкен кісілердің көп екенін аңғардым.  Мұның құпиясы неде? Пайғамбарымыз адамзатты ойлап, оның денсаулығы мықты болсыншы деп, тұтқаны беріп кеткен сияқты. Ол қандай тұтқа? Ол – күн шықпай тұрып ояну, күн батқан соң ұйықтау. Мұсылман елдерінде үлкен кісілердің көбі күн шықпай тұрып жуынып-шайынып, намазын оқиды, тіршілігін жасайды. Күн батқанда жуынып-шайынып, ерте жатады. Сонда олар табиғаттың ырғағының ішінде жүр деуге болады", – деді Сұлтан Төлеуханов.


Оқи отырыңыз: Ұйқысыздық, айкезбе. Ұйқының 5 кезеңінің бұзылуы ағзада қандай өзгерістерге әкеледі?


Ғалымның сөзінше, қазақ халқы да жаратылысынан табиғатқа жақын. Далада жүріп, атқа мініп, ерте тұрып, малын жайғаған қазақтар табиғи ырғақ талабын сақтаған және сондықтан ұзақ өмір сүрген.

"Оларға табиғи ырғақ күш беріп отырды. Ал қазір қалай? Жастар түннің бір уағына дейін қыдырып жүреді. Ырғағы шайқатылған оларда қайдан денсаулық болады? Қыдыруға, жүруге болады, тек ырғақты бұзбау керек. Себебі, бұл – табиғи заң. Табиғи заң дегеніміз – объективті заң. Бұл біздің пікірімізбен байланысты емес. Сондықтан оны білуіміз керек және сол заңмен өмір сүруге тиіспіз. Студенттер "асқазаным ауырып тұр" деп жатады. Олар уақыты болса тамақ ішіп, болмаса жүре береді. Тамақты белгілі бір уақытта ішіп-жеу керек. Болмаса бұл асқазанға өте зиян келтіреді. Күнделікті бір уақытта ішкен тамақ пайдалы, сіңімді", – деді ғалым.


Оқи отырыңыз: Кешкі алтыдан соң тамақ ішпеу дұрыс па? Төрегелді Шармановтың кеңесі


Сұлтан Төлеухановтың айтуынша, ғалымдар адамдарды үш топқа бөледі: "бозторғай", "жапалақ" және "кептерлер". "Бозторғай" тобына жататын адамдар ерте жатып, ерте тұрады, "жапалақ" тобындағы кісілер кеш жатып, кеш тұрады, ал "кептерлер" тобындағы кісілер кез келген уақытта оянады және ұйықтайды. Ғалым "жапалақ" пен "кептерлерді" қазақ халқының табиғатына қайшы келетіндер санатына жатқызады.

"Ал біз үшін "бозторғай" тобы нағыз табиғатымызға тән заң деп айтуымызға болады, себебі сол түнде мелатонин деген гормон синтезделіп, ішіміздегі ырғақты процестерді қалпына келтіреді. Ал егер түнде ұйықтамай жүрсек, мелатонин синтезделмейді, сол себепті түнде ұйықтау денсаулығымызға пайдалы. Жалпы айтсақ, біріншіден, тәртіп болу керек, тәртіптен реттілік туады, ал реттіліктен ырғақ пайда болады. Сонымен денсаулық болу үшін табиғат заңын қабылдап, сол заңмен өмір сүру керек. Басқаша айтқанда, тәртіп, реттілік және ырғақ – осы үш ұғым денсаулықтың негізі. Осы заңды қабылдап, өмір сүрсек, денсаулығымыз мықты болады", – деді Сұлтан Төлеуханов.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары