Тікелей эфир

Ұйқысыздық, айкезбе. Ұйқының 5 кезеңінің бұзылуы ағзада қандай өзгерістерге әкеледі?

Ұйқы кезінде ағзадағы зат алмасу реттеліп, жүйке жүйесі тынығады, ми жұмысы, жүрек соғысы баяулап, бұлшық еттер босайды.

Ұйқы – адам денсаулығын реттеуші. Түнгі ұйқыда ағза жарықтың өзгеруіне бейімделеді.

Ұйқы бірнеше кезеңнен тұрады:

  1. 5-10 минут. Сана ұйқылы-ояу, қиял, армандар елес береді, кейбір шешімін таппай жүрген мәселенің керемет шешімі ойға келуі мүмкін, шым-шытырық ойлар қамалайды. Бұлшық еттердің белсенділігі азаяды, пульс баяулайды, дене температурасы төмендейді, көз ақырын қимылдап жатуы мүмкін, кейде бұлшық еттерде қысқа діріл болады.
  2. Жылдам ұйқы (10-15 минут). Бұл кезде мидың электрлік белсенділігі ояу кездегімен бірдей. Көз алмасы жылдам қимылдайды. Бірақ бұлшық ет белсенділігі өте төмен, адам мүлдем қимылсыз болады. "Жылдам ұйқыда" жатқан адамды оятып жіберсе, психикасына зиян келеді. Жылдам ұйқы психологиялық қорғау, ақпаратты өңдеу, ақпараттың сан мен бейсана арасындағы алмасуын қамтамасыз ету қызметтерін атқарады деген болжам бар. Бұл кезде оянып кеткен адамдардың 90 пайызы өте анық, айқын түстер көргенін айтады екен.
  3. Жеңіл ұйқы (20 минут). Бұлшық ет, жүрек соғысы, температура төмендей түседі. Сана ұйқыға кетеді. Бұл кезде адам тез оянады.
  4. Баяу ұйқы (20 минуттан астам). Бұл кезеңде адам түс көрмейді.
  5. Ең терең ұйқы. 30-40 минут. Түстердің 80 пайызы осы кезге тиесілі. Айкезбе, ұйқысырау, қорқынышты түстер, балалардың төсекке жіберіп қоюы көбінесе осы кезеңде болады. Оянған соң бұл кезеңнен есте ешеңе қалмайды. Бұл кезеңде адамның қуаты қалпына келеді.

Оқи отырыңыз: Түнгі елестен қатер мол


Адам қанша уақыт ұйықтау керек?

Осы бес кезеңнен тұратын цикл ұйықтағаннан оянғанша бірнеше рет қайталанады. Дені сау адамда 5 мәрте қайталануы керек. Алайда ұйқының ұзақтығына көптеген факторлар әсер етеді. Адамның жынысы, жасы, өмір салты, шаршауы, тамақтануы, қоршаған, орта, жарық, дыбыс. 

Ұйқының бұзылу себептері әр түрлі. Қажудың, ойға берілудің, үйреншікті уақытта ұйықтамаудың салдарынан кейде сау адамның да ұйқысы қашуы мүмкін. Егде тартқан және қарт адамдар әдетте құс ұйқы болып, ұйқысы азая бастайды. Мұның өзі ағзаның сол жастағы физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты. Жүйке жүйесі қажыған кісілерге болмашы толқудың өзі-ақ ұйқысын бұзуы мүмкін. Адам ауырған кезде, қан айналымы бұзылғанда, демікпе немесе жөтел қысқанда ұйқы қашады.

Ұйқысыздық емделе ме?

Ұйқысыздықты емдеу үшін ең алдымен себебін анықтау керек. Дені сау адамның ұйқысы дәрі-дәрмек қолданбай-ақ қалпына келеді. Ұйқы қашпау үшін ұйықтар алдында тамақтанбау, ащы шай немесе кофе ішпеу керек. Жүйке жүйесі қажыған адамдар ұйықтар алдында дем алып, серуендеп келгені жөн. Аяғын жылы сумен жуып, ваннаға түскен абзал.

Ұйқысыздық әр түрлі ауруларға байланысты болса емделу керек. Ұзаққа созылып кеткен жағдайда дәрігерге міндетті түрде қаралған жөн.


Оқи отырыңыз: Қан тамыры қысымы ауруынан қалай сақтану керек және оның алдын алу жолдары қандай?


Керек кеңес

Ұйқы қану үшін ертерек тамақтанып, сағат кешкі 10-да ұйқыға жатыңыз. Келесі күні оятарсыз қай уақытта тұрғаныңызды есте сақтаңыз. Міне сізге демалу үшін дәл осынша уақыт қажет. Cапалы ұйқы үшін бөлмеңізде 18-22 С градус температурасы болуы тиіс. Сондықтан ұйқы алдында бөлмеңізді таза ауамен желдетуді күнделікті әдетке айналдырыңыз.

Ұйқыға жатқанда бөлмеңіздегі барлық электронды құралдарды сөндіріңіз. Олардың қатарына тек теледидар мен ноутбук қана емес, сондай-ақ телефон, смартфон, планшеттер де кіреді. Біздің ми электронды құралдардың мониторындағы жарықты байқап, әлі күн деп ойлайды. Нәтижесінде түнде ұзақ ұйықтай алмай, күн тәртібіңіз бұзылады.

Ұйқы кезінде ағзада қандай өзгеріс болады?

Сомнолог дәрігер, психотерапевт, Ұйқы медицинасы орталығының негізін қалаушы Виктор Хан Baribar.kz сайтына берген сұхбатында адам ұйықтаған кезде бүкіл ағза мүшесінің жұмысы реттелетінін айтады. Ұйқы кезінде бұлшықет босайды, нәтижесінде организм демалады. Бұл уақытта белгілі бір гормондар бөлінеді. "Адамды гормондар басқарады" дегенді ескерсек, ұйқының дұрыс болуы маңызды. Ағза мүшелерінің жұмысын жақсартады. Сонымен қатар психо-эмоционалды тұрғыдан жеңілдеу болады.

"Бұдан бөлек маңызды дүние бар. Жалпы, тәндегі жиналып қалған токсиндер лимфа жүйесі арқылы жиналып, сыртқа шығып отырады. Алайда мида мұндай жүйе жоқ. Бірақ токсиннен арылу керек? Ол қалай жүреді? Мидағы токсин терең фазадағы ұйқы кезінде төмендеп, арқа-ми каналына жетеді. Әрі қарай токсин денедегі лимфа жүйесі арқылы шығып кетеді. Неліктен дұрыс ұйықтамаған адамның басы ауырады? Себебі, жиналған токсиндер шықпады, өмір сүруге керек нейрондар түзілмеді", – дейді Виктор хан.


Оқи отырыңыз: Әдет-ғұрыпқа айналған қазақы емдер. Қазақ қатерлі ісіктен қалай сақтанды?


Сонымен бірге ұйқының терең фазасында лептин гормоны азайып, грелин көп бөлінеді. Лептин тоқшылық сезімін береді, "тойып кеттім" дейтіңіз осы гормоннан. Ал грелин гормоны тәбетке жауапты, тамақ ішер алдында көп бөлініп, астан кейін күрт азайып кетеді. Яғни ұйықтайтын кез келсе, бірақ жата қалмасаңыз, мөлшері артқан грелин "қарын аштырады". Ұйқысы жиі бұзылатын, түнімен тоңазытқышты ашып, тамақ іздейтін адамды көбіміз білеміз.

Сонымен қатар ұйқының терең фазасында адамның өсуіне жауапты соматотропин гормоны бөлінеді. "Сәби ұйқымен өседі" деген осыған байланысты. Ересек адам өспейді, есесіне соматотропин метаболизмге, яғни күні бойы пайдаланылмаған майды ыдыратуға қызмет етеді.

Серіктестер жаңалықтары