Тікелей эфир

Кешкі алтыдан соң тамақ ішпеу дұрыс па? Төрегелді Шармановтың кеңесі

Академиктің сөзінше, кешкі асқа жеңіл сіңімді, сүт, жарма мен көкөністердің асылған, бұқтырылған түрлерін жеген дұрыс.

Артық салмақтан арылу, дұрыс тамақтану тренд заманда қалай тамақтануды үйрететін коучтар мен курстар көп. "ПП", диета деген сөздерді естіген де боларсыз. Интернетте арықтаудың сан түрлі жолдары туралы да айтып жатады. Кейбіреулер кешкі алтыдан соң тамақтануға болмайды деп кеңес береді. Расымен солай ма, әлде миф пе? Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик, нутрициолог ғалым Төрегелді Шарманов бұл сұраққа жауап берді.

Академиктің сөзінше, кешкі алтыдан соң тамақтанбау керек дегенді тек артық салмағы бар кісілер үшін ғана қолдануға болады. Ал, басқа қызметтегі, әсіресе, ауысыммен кешкі алтыда жұмыста болатын кейбір мамандық иелерінің тамақтануына тыйым салу жөнсіз. Сондай-ақ, көптеген кеңсе қызметкерінің жұмысы 18.00-де аяқталатындықтан, үйіне жетіп, кешкі ас дайындап тамақтанамын дегенше екі-үш сағат өтуі мүмкін. Сол себепті күні бойы жұмсаған энергия шығынының орнын кешкі аспен тиімді толтыру қажет. 

Төрегелді Шарманов, нутрициолог ғалым:

– Кешкі астың жеңіл сіңімді, сүт, жарма мен көкөністердің асылған, бұқтырылған түрлерін тұтынған дұрыс. Ауыр қорытылатын майлы, қуырылған тағамдар болған жағдайда сіңімділігін жылдамдататын көкөніс салаттарымен бірге, ет тағамдарын ашыған сүт өнімдерімен үйлестіре, зат алмасуды жақсартатын көкөніс шырыны мен көк шай қолданса астың қорытылуы жылдамдайды.

Қозғалысы аз, дұрыс тамақтанбайтын жастар, сондай-ақ, жасы ұлғайған адамдар арасында іштің қатуы көп кездеседі. Іштің қатуы ішектегі ашу, божу үрдістерін бұзып, үлкен дәреттің іркілуіне, ішектегі іркілген қалдық заттар уытты қасиетке ие болып, ағзаның уыттануына әкелуі мүмкін. Ол өт жолы қабыну ауруларынан басқа, бірден-бір тамақтағы тағамдық талшығы мол көкөніс тағамдары, салаттар мен кейбір жемістердің, ашытылған сүт өнімдерінің аз түсуінен, құрғақ фаст-фуд тағамдарын жиі қолданудан, тәулік бойына ішілетін сұйықтық және су мөлшерінің 1,5-2 литрден кем түсуінен болады.


Оқи отырыңыз: 


Үй жағдайында күніне 2-3 рет 50 грамм шикі қызылша, сәбіз, алманы үккіштен өткізіп, өсімдік майымен салат түрінде не шырынын сығып ішуге болады. Ертеңгілік асқа сұйық сұлыдан жасалған сүт көжесін, түске көкөніс сорпасы не көжесін қара нанмен, бесіндік асқа йогурт, кешке өсімдік майы қатылған, шикі көкөністер салатымен буға пісірілген тағамдар, жатарда бір кесе айран ішсе, ішектің жиырылғыштық қызметі жақсарады.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары