Грузияда ұсталған ұйымдасқан есірткі қылмыстық тобының мүшесі Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды Бас прокуратура.
Тергеу мәліметінше, ол Алматы облысында мефедрон өндіруді ұйымдастырып, қылмыстық топтың 1,8 млрд теңгеден астам заңсыз табысын жылыстатуға қатысқан.
Бас прокуратураның мәліметінше, күдікті Алматы облысында аса ірі көлемде психотроптық зат өндірісін ұйымдастырған. Дайындалған мефедрон кейін Алматы облысы мен Алматы қаласының аумағында жасырын таратылған.
"Тергеп-тексеру барысында қылмыстық топтан 10 келіге жуық мефедрон тәркіленген. Тергеу нұсқасы бойынша, қылмыстық топ заңсыз жолмен тапқан 1,8 млрд теңгеден астам кірісті түрлі қаржылық операциялар мен криптоалмастырғыштар арқылы заңдастырған. Сонымен қатар 600 млн теңгеден астам қаржыға жылжымайтын мүлік, бизнес нысандары және көлік сатып алынған. Бұл активтерге мемлекет пайдасына тәркілеу мақсатында тыйым салынған", – делінген хабарламада.
Күдікті халықаралық іздеуде болып, биыл қаңтарда Грузия аумағында ұсталған. Бас прокуратураның сұрауы бойынша ол Қазақстанға экстрадицияланып, қазір тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған баптар бойынша мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.