Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пара биатлоннан Миланда өткен қысқы Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитовқа "Еңбек сіңірген спорт шебері" атағын табыстады, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, министр Ербол Хамитовтың жаттықтырушылары – Аслан Тоқбаев, Василий Коломиец және Антон Ждановичті Құрмет грамотасымен марапаттады.
"Ербол Хамитов – Қазақстанның пара спорттағы әлемдік деңгейдегі жетекші спортшыларының бірі. Оның басты ерекшелігі – әмбебаптығы. Ол пара шаңғы жарысы мен пара биатлонда бірдей жоғары нәтижелер көрсетіп, төзімділік, дәлдік және тактикалық шеберлікті шебер ұштастыра біледі. Сонымен қатар ол пара биатлоннан Әлем кубогінің жалпы есебінде жеңіске жетіп, Хрусталь глобусты иеленген Қазақстан тарихындағы алғашқы спортшы атанды. Сондай-ақ ол жуырда Италияның Милан-Кортина қалаларында өткен XIV қысқы Паралимпиадада Ербол Хамитов ел қоржынына пара биатлоннан алтын, пара шаңғы жарысынан қола медаль салды", – делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда пара спорттың 19 түрі қарқынды дамып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 66 159 мүмкіндігі шектеулі азамат жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен айналысады. Қазіргі таңда республикада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған Республикалық спорттық даярлау орталығы, 16 спорт клубы, Алматы облысында спортты дамыту дирекциясы және 2 арнайы спорт мектебі жұмыс істейді.

