Тікелей эфир

Енді ерлі-зайыптылар бір-бірінің рұқсатынсыз несие рәсімдей алмайды

Әзірге келісімді алу тәртібі мен зайыбының рұқсатын қажет ететін берешектің ең төменгі шегі бекітілмеген.

Қазір сенат депутаттарының қарауында жатқан заң жобасына сәйкес, банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға жеке тұлғаға жұбайының келісімінсіз несие беруге тыйым салынбақ, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Әзірге келісімді алу тәртібі мен зайыбының рұқсатын қажет ететін берешектің ең төменгі шегі бекітілмеген. Демек, ол 50-100 мың теңге көлеміндегі тұтынушылық несие, не бизнеске қажетті ірі мөлшердегі несие болуы да ықтимал. Тәртіп жауапты органның құқықтық актісінде айқындалуға тиіс.

Сарапшылар бұл ешқандай да жаңашылдық емес деп отыр, себебі рұқсатсыз несие алуды шектейтін норма бұрыннан бар. Ерлі-зайыптылардың бірі несиеге жылжымайтын мүлік немесе көлік рәсімдейтін болса – алдымен жұбайының келісім бергенін растайтын құжатты ұсынуы қажет. Өйткені, мүлік те, қарыз да – ортақ. Алда-жалда ажырасып, болмаса басқа да отбасылық қиындықтар туындаса – борыш та, бірге жиған мүлік те теңдей бөлінеді.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда төлемін 90 күн кешіктірген адамға несие рәсімдеуге тыйым салынады


Бұл ереже тұтынушылық бағытта алынатын шағын несиелерге қолданылмаған, сондықтан қаржы ұйымы келісімді нақты қандай кезде қажет ететінін білу маңызды. Заңгер Ғабит Өмірбектің пікірінше, заңға бұл норманың кіруіне ажырасу деректерінің көбеюі де әсер етуі ықтимал. Яғни, бір-бірінің несиесі жайлы білмейтін ерлі-зайыптылар арасында кикілжің туып, ақыры шаңырақтары шайқалады.

"Қазір микро қаржы ұйымы болсын, ломбардқа қойылып жатқан заттар болсын, алып жатқан азық-түлік болсын: осындай ұсақ несиелерге ерлі-зайыптылардың бір-біріне рұқсаты талап етілмейді, бірақ болашақта талап етілуі мүмкін. Міндеттелуі мүмкін. Бұл мәселе қызу талқыланып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан қазір ажырасу бойынша дүние жүзінде бестіктің, үштіктің ішінде тұр. Оның себебі көп жағдайда оңды-солды ала берген несиенің кесірі", – деді заңгер Ғабит Өмірбек.
Серіктестер жаңалықтары