Нұр-Сұлтанда 100-ге жуық отбасы қала әкімдігінен көмек сұрады. Олар бірнеше жыл бойы жалға алып келген жатақхана сатылып кеткен. Енді қыс ортасында олар қайда көшерін білмей отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Тұрғындардың айтуынша, жатақхана сатылатынын олар алдын ала білмеген. Бұл жерде ұзақ уақыттан бері бөлме жалдап келе жатқандары балаларын жақын мектепке орналастырып, тіпті балабақшадағы көптен күткен кезектері де жақындаған.
"Дала аяз. Сондықтан бізге мамырдың аяғына дейін, балалардың оқу біткенше осы жерде тұруға рұқсат етсе, жаз шыға жатақхананы босатып берер едік", – дейді жатақханада бқлме жалдаушы тұрғын Құрмангүл Оразымбетова.
"Жатақхана иесі енді күшпен кетіруге көшті" деген тағы бір тұрғын Гүлқайша Бисекеева аядай бір бөлмені 75 мың теңгеге жалдап отырғанын айтады. "Баратын жер болса, осындай жерде тұрамыз ба?" дейді ол.
Оқи отырыңыз:
- Тұрғын үй кезегіне қалай тұруға болады? Нұсқаулық
- Мемлекеттік тұрғын үй қорынан қалай пәтер алуға болады? Маңызды 13 сұраққа жауап
- Үй кезегіндегі тұрмысы төмен жандарға пәтерді жалға алуға берілетін субсидияның алдын ала мөлшері белгілі болды
Жылу мен судың өшуін техникалық ақауларға байланысты болған жайсыздықтар деп түсіндірген жатақхана әкімшісі Рауан Рахиянов нысанның жекеменшіктен мемлекет құзырына өткенін айтты.
"Біз шарт бойынша нысанды біріне дейін тапсыруымыз керек. Әрі қарай жаңа иесі жөндеу жұмысын жүргізе ме, әлде басқа нәрсе жасай ма, білмеймін", – дейді ол.
Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданы әкімшілігінің бас инспекторы Нұрман Абдраимов қандай жағдай болмасын тұрғындардың далада қалмайтынына уәде етті.
"Толықтай ақпаратты жатақхана иесінен білмейінше, оның шешімі қандай болатынын айта алмаймын. Бірақ, осында тұрған халыққа жақын арадағы жатақханалармен сөйлесіп, ешқайсын көшеде қалдырмауға әрекет етеміз", – деді ол.