Елімізде жұмыссыз қалған мұнайшылар шетелдердегі алпауыт компанияларға орналастырылады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Білікті мамандар еңбек жолын Таяу Шығыс, Катар және Сауд Арабиясында жалғыстыруы мүмкін.
Қазақстан мұнай сервистік компаниялар одағының төрағасы Алмас Құдайберген шетелдік мұнай компанияларының бас мердігерлеріне талап қоюды көздеп отыр. Себебі ұзақ жылдан бері Қазақстанда жұмыс істеп келген мұнай компанияларымен мамандарды тарту туралы ортақ келісімдер бар екен.
Бүгінде бұл салада өзге мемлектетерде жұмыс істеп жатқан отандастарымыз аз емес. Олардың жалақысы шамамен 5 мың АҚШ долларын құрайды. Бұдан бөлек кейінгі 2 жылдың ішінде теңіз мұнай-газ кен орындарында 80 мыңға жуық азамат жұмыстан босатылыпты. Білікті кадрлардан айырылып қалмаудың жолын іздеген мамандар, мәселені осылай шешпек.
"Біз, компания басшылары мен кәсіпкерлер тәжірибелі мамандарды жоғалтқымыз келмейді. Сондықтан шетелден жаңа жобаларды іздей бастадық, ал келешегі бар салалар Қатар мен Сауд Арабиясында. Оларда алдағы жылдары мұнай-газ секторына ірі инвестиция салу жоспарланып отыр. Мамандарымызды сол жақта қалай жұмысқа орналастырамыз деп ойлана бастадық. Оның бір жолы – Қазақстанда жұмыс істеп жатқан шетелдік бас мердігерлер", – деді Қазақстан мұнай сервистік компаниялар одағының төрағасы Алмас Құдайберген.