Тікелей эфир

"Еліме алтын сыйлағым-ақ келді". Балуан Демеу Жадыраев финалда неге сүрінгенін айтты

34 жастағы спортшы алғашқы Олимпиадасында күміс медаль алды.

Париж Олимпиадасында грек-рим күресінен 77 келіде сынға түскен Демеу Жадыраев күміс медальға ие болды. Финалдық белдесуде қазақстандық спортшы жапон балуаны Нао Куссакимен белдесіп, 2:5 есебімен жеңілді.

"Дайындығым жоғары деңгейде болды. Финалда ұтылғаннан кейін кішкене өкініш болады екен. Бұйырғаны осы. Финалға дейін жауапкершілікті сезінбеп едім. Жауапкершілік жеңіп кетті. Әйтпесе жоғары деңгейде дайын болдым. Қолдаған баршаңызға рахмет. Күміс құтты болсын. Күресіп болғаннан кейін белдесуді қайта көруім керек. Өзім де төрт тағаннан кеткен шығармын. Белдесуді қайта қараймыз. Алтын сыйлағым-ақ келген. Күміске қол создым. Кешеден бері жауапкершілікті сезінбеп едім. Финалдық белдесуде басым боп кетті", – деді Демеу Жадыраев марапаттау рәсімінен кейін.

Демеу Жадыраев / Фото: olympic.kz

Балуан алтынның жауапкершілігі жоғары болғанын айтып, ішкі күйін баяндап берді. 

"Кешеден бастап мені чемпион деп қойды ғой деймін, Содан өзім кішкене эмоцияға ерік беріп қойдым. Әйтпегенде бәрі жақсы болар еді. Бірақ қуаныштымын. Тұғырда тұрғанда ішім алай-дүлей болды. Жоғарыда жапон туының орнында қазақтың көк туы тұруы әбден мүмкін еді. Олай болмағанда көнесің. Спорт болған соң ондай болады. Бабың келіп тұрғанмен бағың жанбай қалуы мүмкін. Бағың жанғанмен де... Спортта сондай болады, айтып түсіндіре алмайтын психологиялық күй. Оны сезінсен ғана түсінесің. Мен сезіндім. Керемет сезім деп айта алмаймын. Ұтылған қиын. Мықты палуандарды жеңіп шыққанан кейін елдің бәрі үміт артты ғой. Өзім де не болғанын түсінбей қалдым", – деді Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері. 

Демеу Жадыраев араға жиырма жыл салып, грек-рим күресінен Олимпиаданың финалында белдесті. Бұған дейін қазақ балуандары Олимпиаданың финалынан үнемі сырт қалған еді.

77 келіде грек-рим күресінен Олимпиада жүлдегерлері / Фото: olympic.kz

"Жақсы белдесті, бірақ ептілік жетпеді. Ұрымтал сәтті жапон балуаны жақсы пайдаланып кетті. Өкінішті. Демеу басынан аяғына дейін күресті. Қарсыласы әлемдік деңгейдегі мықты спортшы екен. Өкінішке қарай, жеңіс жапон балуанына бұйырды. Демеу – финалист, күміс жүлдегер. Бұл – үлкен жетістік. Қолдаған барлық жанкүйерге алғыс айтамын", – деді грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Юрий Мельниченко.

Юрий Мельниченко 1996 жылы Атланта Олимпиадасында 57 келіге дейінгі салмақта чемпион атанған болатын. Ол – Қазақстан тарихында грек-рим күресінен жалғыз алтын медаль иегері.

Юрий Мельниченко / Фото: olympic.kz

Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атанған Демеу Жадыраевты құттықтады.

"Бүгін барша халық сізбен мақтанып, қуанышыңызға ортақтасып жатыр. Төзім, күш, рух және тынымсыз еңбектің қайтарымы деп дәл осы жүлдені айтсаңыз болады. Сіздің шеберлігіңіз бен жанкештілігіңіздің арқасында Қазақстанның көк байрағы Олимпиада төрінде желбіреді. Сондай-ақ, сіздің жеке бапкерлеріңіз Жұмақан Тұрғамбеков пен Боранбек Қоңыратовқа осы жеңіске үлкен үлес қосқаны үшін алғыс білдіріп, Олимпиада жүлдесімен құттықтаймын!" – делінген құттықтау жеделхатында.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары