Тікелей эфир

Дүйсенова балабақшаларды ваучерлік қаржыландыруды тоқтатуды сұраған депутаттарға жауап берді

Қазіргі таңда пилоттық жоба Тараз, Шымкент және Түркістан қалаларында жүзеге асып жатыр.

Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова балабақшалардың ваучерлік қаржыландыруға қатысты мәжіліс депутаттарының сауалына жауап беріп, бұл жоба жалғасын табатынын нақтылады. 

Тамара Дүйсенованың сөзінше, биыл пилоттық жоба қолға алынғалы бері бірде-бір мектепке дейінгі білім беру ұйымы жабылмаған. Тек бала санын арттырып, жалған мәлімет ұсынып келген балабақшаларды қаржыландыру көлемі қысқарған. 

"Тараз қаласында іске асырылған жобаның қорытындылары тек 2 айда (тамыз-қыркүйек) 600 млн теңгені үнемдеуге, балабақшаларға келмейтіндерді алып тастауға және ең бастысы балабақшаларда осы уақытқа дейін бірнеше жыл кезекте тұрған 2 жастан асқан 17 мыңнан астам баланы орындармен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді", – деді үкімет басшысының орынбасары. 

Еске салайық, алғаш Таразда қолға алынған пилоттық жоба Шымкент қаласында және Түркістан облысында жалғасын тапты. Ал келесі жылдан бастап оны барлық өңірлерде кезең кезеңмен енгізу жоспарланған. 


Оқи отырыңыз: Балабақшаларды жаңаша қаржыландыру: Ата-аналарға 26 мың ваучер үлестірілді


Бұған дейін оқу-ағарту министрлігі үлестірілген ваучер саны бойынша мәлімет ұсынған болатын: 

  • Таразда жоба үш ай бұрын іске қосылып, 21 мыңнан астам ваучер таратылған. Қаладағы 157 мектепке дейінгі білім беру ұйымының бәрі ваучерлік механизм бойынша қаржыландырылып жатыр. Оның ішінде 19 балабақша жаңадан ашылған. 
  • Шымкентте ваучер беру 17 қазанда басталып, жобаға 589 балабақша қосылған (қаладағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің жалпы саны – 608). 4646 бала балабақшаға жолдама алған.
  • Түркістанда 144 мектепке дейінгі ұйымның бәрі жаңа механизм бойынша қаржыландыруға көшті. Әзірге 236 ваучер берілген.  
Серіктестер жаңалықтары