Тікелей эфир

Балабақшаларды жаңаша қаржыландыру: Ата-аналарға 26 мың ваучер үлестірілді

Пилоттық жоба Тараз, Түркістан, Шымкент қалаларында жүзеге асып жатыр.

Оқу-ағарту министрлігі балабақшалардың ваучерлік қаржыландырудың алғашқы деректерін жария етті. Бұл пилоттық жоба Қазақстанның үш қаласында жүзеге асып жатыр: 

  • Таразда жоба үш ай бұрын іске қосылып, 21 мыңнан астам ваучер таратылған. Қаладағы 157 мектепке дейінгі білім беру ұйымының бәрі ваучерлік механизм бойынша қаржыландырылып жатыр. Оның ішінде 19 балабақша жаңадан ашылған. 
  • Шымкентте ваучер беру 17 қазанда басталып, жобаға 589 балабақша қосылған (қаладағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің жалпы саны – 608). 4646 бала балабақшаға жолдама алған.
  • Түркістанда 144 мектепке дейінгі ұйымның бәрі жаңа механизм бойынша қаржыландыруға көшті. Әзірге 236 ваучер берілген. 

"Жоба аясында ата-аналарға балабақшаны өз бетінше таңдау мүмкіндігі берілді, бұл тек жеке ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдар арасында да бәсекелестіктің болуына ықпал етеді. Жүйе арқылы ең алдымен, бүкіл қаржыландыру процесінің ашықтығы көзделген, мұнда "ақша мекемеге емес, балаға жұмсалады" қағидасы жүзеге асырылады. Қаражатты есептеу және аудару ата-аналар баланың қатысу табеліндегі мәліметтерді растағаннан кейін ғана жүргізіледі", – делінген Оқу-ағарту министрлігінің хабарламасында. 


Оқи отырыңыз: Ваучер деген не? Ол балаларды балабақшамен толық қамту мәселесін шеше ме? 


Жоба 2025 жылдан бастап өңірлердің дайындығына қарай республика бойынша жүзеге асады. 

Министрлік мәліметінше, Қазақстанда 11 642 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның ішінде 5532 мемлекеттік, 6110 жеке мектепке дейінгі ұйымдар бар. Қазір кезекте тұрған балалардың есебінен алғанда 2 жастан мектепке дейінгі білім берумен қамту 91,5 пайызды құрайды.

Серіктестер жаңалықтары