Үкімет басшысы Олжас Бектенов мәжіліс депутаттарының сауалына орай, балаларға арналған аттракциондардың қауіпсіздігі туралы жауап берді.
Еске салсақ, депутаттар мұндай аттракциондардың ғимараттың тек бірінші қабатында болуы жөнінде талап қойған болатын.
Ал Олжас Бектеновтің жауабынша, мұндай талап қолданыста бар, дегенмен ол тек 2018 жылдан бастап қолданылады.
"Қоғамдық ғимараттар мен құрылыстар" құрылыс нормаларының талаптарына сәйкес балалардың ойын-сауық және білім беру үй-жайлары мен аттракциондарды бірінші қабатта орналастыру қажет. Заңнамада өзгеше көзделген жағдайларды қоспағанда, "Құрылысқа жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу, келісу, бекіту тәртібі және құрамы" деген Қазақстан Республикасының құрылыс нормаларына сүйенсек, жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, ол бойынша жобалау жұмыстары басталған болса, ол басталғаннан кейін қолданысқа енгізілген жаңа мемлекеттік нормативтердің нормалары мен ережелері оған қолданылмайды. Яғни 2018 жылдан қолданыла бастаған балалардың ойын-сауық және білім беру үй-жайлары мен аттракциондарды бірінші қабатта орналастыру жөніндегі талаптар тек жаңа басталған объектілерге ғана қолданылады", – деп жауап берді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының айтуынша, 2026-2030 жылдарға арналған "Қазақстан балалары" тұжырымдамасында аттракциондарды қауіпті техникалық құрылғылар санатына жатқыза отырып, олардың жұмыс істеуін заңнамалық деңгейде регламенттеу, сондай-ақ аттракциондардың иелері мен операторларының азаматтардың өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне зиян келтіретін қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілігін күшейту жөніндегі шаралар қарастырылған.
Осылайша, балалар ойын алаңдарын қауіпсіз орналастыру мәселелері құрылыс саласындағы тиісті мемлекеттік нормативтермен реттелген.

