Алматыда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай барлық медициналық мекемеде ашық есік күндері ұйымдастырылады. Бұл туралы Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Іс-шара аясында балалар мен жасөспірімдерге денсаулықты нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және түрлі аурулардың алдын алу бағытында тегін медициналық тексерулер мен кеңестер беріледі.
"Бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарына педиатр, стоматолог, травматолог, инфекционист, невропатолог, ЛОР дәрігері, акушер-гинеколог және басқа да салалық мамандар тегін консультация өткізеді. Сонымен қатар шараларға жетекші сарапшылар, ғылыми қызметкерлер мен штаттан тыс бас мамандар қатысады", – делінген хабарламада.
Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, қаладағы медициналық ұйымдарда ата-аналар мен жасөспірімдерге арналған пікір алмасу алаңдары, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, сурет байқаулары және мәдени-көпшілік бағдарламалар ұйымдастырылады.
"Ерекше қажеттігі бар балалар мен диспансерлік есепте тұрған балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Олар үшін үй жағдайында көшпелі медициналық тексерулер де жүргізіледі. Іс-шараның басты мақсаты – балалар мен жастар арасында физикалық, психикалық және репродуктивтік денсаулық мәдениетін қалыптастыру. Ашық есік күндерінің толық бағдарламасын тұрғындар медициналық ұйымдардың ресми сайттары мен әлеуметтік желідегі парақшаларынан біле алады", – делінген хабарламада.