Тікелей эфир

Депутат науқастардың шетелде бүйрек алмастыру отасының ақшасын бюджеттен төлеуді ұсынды

2017 жылы – 208, өткен жылы 129 бүйрек алмастыру отасы жасалды.

Қазақстанда үш мыңнан астам азамат созылмалы бүйрек жетіспеушілігі ауруына шалдыққан. Олардың 63%-ы – бүйрек алмастыру операциясын үш жылдан астам, ал 114 науқас 10 жылдан астам уақыт күтіп жүр. Осы орайда, "Аманат" фракциясының депутаты Юрий Жулин аталған ауруға шалдыққан науқастардың шетелдегі отасын төлеп беруді ұсынды. Айтуынша, елде мұндай отаны тегін жасағанымен, донор жетіспейді.

"Жыл сайын созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі ауруына шалдыққан азаматтардың саны өсіп келеді. Өз отасына жетпей көз жұматындар көп. Өткен жылы осылай 291 адам көз жұмды. Отандық емханаларда мұндай отаны тегін жасайды, сапалы құрылғылар мен білікті мамандар да бар. Алайда донор жетіспеушілігі жоғары. Оның үстіне қоғамда донор мәдениеті қалыптаспаған. Донор саны бойынша дамыған мемлекеттерден әлдеқайда арттамыз. Шетелде миллион адамға 20-50 донордан келсе, бізде бұл көрсеткіш бір донордан төмен. Нәтижесінде транплантация бойынша оталардың да саны азайып келеді. 2017 жылы 208, өткен жылы 129 ота ғана жасалды", – деді Юрий Жулин.


Оқи отырыңыз:


Әрі қарай депутат көптеген қазақстандықтың мұндай отаны шетелде жасатуға тырысатынын айтты. Алайда денсаулық сақтау министрінің бұйрығына байланысты шетелде жасалатын отаны мемлекет төлеп бере алмайды.

"Науқастарымыз көбіне Беларусь еліне баруға тырысады, мұндай отаның құны – 30 млн теңге. Азаматтар соңғы дүние-мүлкін сатып, несие алады, қарызға батады, демеушілердің көмегіне жүгінеді. Ал қоғамда донор мәдениетін қалыптастыру үшін уақыт керек. Донорлық белсенділігі жоғары мемлекеттерге ондаған жыл қажет болды. Бізде де алдағы уақытта қалыптасатын шығар. Алайда науқастар үшін уақыт кері әсерін тигізіп жатыр. Осы орайда үкімет азаматтарымызға шетелде бүйрек алмастыру отасын жасатуға мүмкіндік беруге қауқарлы және бұл дұрыс шешім деп ойлаймыз", – деді депутат.

Сондай-ақ, ол бұл шешімнің отандық трансплантация оталарының санына кері әсерін тигізбейтініне тоқталды. Айтуынша, ота саны донор жетіспеушілігінен ғана азайып отыр.

"Бұл мәселені шешуге арналған бірнеше нұсқаны қарастыруға болады. Мысалы, бүйрек алмастыру отасының құнын оны үш жылдан бері күтіп жүрген азаматтарға төлеп беру деген секілді. Сондай-ақ, біздің азаматтар барып осы отаны жасата алатын мемлекеттер тізімін жасау қажет болады. Әрі қарай осы мемлекеттермен біздің азаматтарға отаны бірінші болып жасау туралы келісімге келуге болады. Өйткені, шетелде де кезек бар", – деп қосты Юрий Жулин.

  Еске салсақ, Қазақстанда "құрсақтағы нәрестені қорғау" бөлімшелерінің құрылатыны туралы хабарлаған едік. 

Серіктестер жаңалықтары