Танымал театр актрисасы Бижамал Кемалова жалғаннан өтті. Қаралы хабарды актриса қызмет еткен Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры таратты.
Ұжымдастарының жазуынша, Бижамал Кемалова соңғы жылдары ауыр науқасқа шалдыққан болатын.
Бижамал Кемалова еңбек жолын 1980 жылдардың басында Сәкен Сейфуллин театрында бастаған. Ол – Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрының негізін қалаған театр ардагерлерінің бірі.
"Бижамал Далабайқызы театр сахнасында көптеген қазақ арулары мен қыз-келіншектерінің, ел аналары мен әжелердің образдарын сомдаған өнер майталманы. Өзіндік стилі мен актерлік шеберлігін қалыптастырған актриса театрымыздың мақтанышы, жастардың ақылшы ұстазы еді", – деп жазылған қаралы хабарда.
Бижамал Кемалова "Досымның үйленуі" қойылымында Биғаным, "Қарагөзде" Мөржан, "Ғашықтың тілінде" Сұйімқан, "Қайран жас дәуренде" Воронкова, "Аққу сезімде" Ақдидар және өзге де рөлдерімен танымал болды.
Ол – ҚР Мәдениет қайраткері, "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері.