Бейжің қаласының Ичжуан ауданында өткен жартылай марафон аясында адам мен гуманоид роботтар қатар жарысқа түсті. Байрақты бәсекеде қытайлық «Найзағай» атты робот жеңіске жетіп, рекордтық нәтиже көрсетті, деп хабарлады Синьхуа агенттігі.
Робот 21 шақырымдық қашықтықты 50 минут 26 секундта еңсеріп, ерлер арасындағы жартылай марафон бойынша әлемдік рекордтан озып кетті. Бұған дейін бұл көрсеткішті 2026 жылдың наурыз айында Лиссабонда өткен жарыста угандалық желаяқ Джейкоб Киплимо 57 минут 20 секунд нәтижесімен тіркеген болатын.
Жарыс таңғы 7:30-да басталды. Стартқа шамамен 12 мың адам және 100-ден астам робототехника командасынан 300-ден аса гуманоид робот қатысты. Қатысушылар шамамен 21 шақырымдық трассада сынға түсті.
Ичжуан ауданы бүгінде Қытайдағы робототехника саласының маңызды ғылыми-зерттеу және өндірістік орталықтарының бірі саналады. Бұл – адам мен роботтар бірге қатысқан Бейжіңдегі екінші жартылай марафон. Мұндай жарыстардың мақсаты – гуманоид роботтарды дамытуға серпін беру және оларды тәжірибелік қолдану аясын кеңейту. Ережеге сәйкес, роботтар жарысты әр 30 секунд сайын кезекпен бастап, арнайы бөлінген жолақпен жүгірді. Соңғы нәтижелер роботтардың айтарлықтай жетілгенін көрсетті: автономды жұмыс тұрақтылығы, қозғалыс үйлесімділігі және алгоритмдердің сенімділігі айтарлықтай жақсарған.
Цинхуа университетінің автоматтандыру факультетінің ғылыми қызметкері Чжао Мингоның айтуынша, мұндай жарыстар роботтардың нақты ортада өздігінен қозғалу қабілетін тексеретін маңызды сынақ. Оның пікірінше, бұл – «зертханалық деңгейден» нақты өмірдегі қолдануға өтудің маңызды кезеңі.
Сарапшылар мұндай жарыстар роботтардың көру жүйесі, жасанды интеллект арқылы тану, батарея өнімділігі секілді күрделі жүйелерін жетілдіруге мүмкіндік беретінін атап өтеді. Қытай электроника қауымдастығының төрайымы Сюй Сяолань да гуманоид роботтар саласы жаһандық технологиялық дамудың маңызды қозғаушы күшіне айналып келе жатқанын мәлімдеді.
USD:
461.9 / 464.5
EUR:
542.5 / 547.5
RUB:
5.95 / 6.07
