Тікелей эфир

Азаматтық алу үшін мемлекеттік тілді білуді міндеттеу: Шетелдегі қазақтар ана тілін біле ме?

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілінің айтуынша, шеттегі қазақтардың мемлекеттік тілде сөйлеп кетуі үшін бір апта жеткілікті.

Мемлекеттік тілді білмейтіндерге Қазақстан азаматтығы берілмеуі мүмкін. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов айтты. Бұған дейін мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов Үкіметке сауал жолдаған болатын. Халық қалаулысы елімізге қоныс аударушылардың қос азаматтығын қатаң тексеруді, бұл орайда жедел құқықтық шаралар қабылдауды сұрады. Мұны өзге депутаттар да қолдады. Олардың айтуынша, бұл өзге елдерде де бар тәжірибе. Бұл туралы Astanatv арнасы арнайы сюжет әзірледі.

"Кез-келген мемлекетте әрбір азамат сол елдің азаматтығын алатын болса, тілін, ділін, мәдениетін, салт-дәстүрін, ең бастысы тарихын, ұлттық заңнамасын білуге тиісті. Шетелден келіп, осы мемлекетіміздің азаматтығын алатын азамат пен азаматша міндетті түрде мемлекеттік тілді білуі тиіс", – дейді мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских.


Оқи отырыңыз: 


Қазақ тілін меңгеру аса қиын емес. Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Тіл жанашыры Қарлығаш Бекпатшақызы өз тарихи отанына оралып жатқан бауырларымыздың арасында тілге қатысты мәселе болмайды деп отыр. Өйткені, олар ана тілін игеріп кетуге бейім.

"Шетелдегі қазақтардың барлығы қазақ тілін біледі. Ресейдегі қазақтармен де байланыстамыз. Келіп жатыр. Азаматтық алып жатыр. Азаматтық алғысы келсе, бір аптада қазақ тілінде сөйлеп кетуге мүмкіндігі бар. Өйткені олардың қанында бар біздің қазақтың тілі. Сондықтан бұл заңды қабылдағаны дұрыс деп ойлаймын", – деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы астана филиалының басшысы Қарлығаш Бекпатшақызы.

Серіктестер жаңалықтары