Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ауылдық елді мекендерде жұмысшыларына тұрғынжай салған кәсіпкерлерге мемлекеттік субсидия беру тәртібін әзірлеп, оны Ашық НҚА порталында 11 сәуірге дейін талқылауға ұсынды.
Ереже жобасына сәйкес, субсидия жалпы ауданы 100 шаршы метрге дейін және 1 шаршы метрінің құны 100 мың теңгеден аспайтын тұрғын үйлердің 50 пайыздан аспайтын бөлігіне беріледі. Егер үйдің ауданы бұдан үлкен болса, 50 шаршы метр бөлігі ғана субсидияланады.
Аумағында жұмыс берушілер тұрғын үй салуды жоспарлайтын ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің тізімін облыстың жергілікті атқарушы органдары айқындап, жергілікті өкілді органдар бекітеді.
Ескерту: Субсидия агломерация құрамына кіретін, болмаса облыс, аудан орталықтарына, моно және шағын қалаларға тікелей жақын орналасқан ауылдарда үй салу үшін берілмейді.
Оқи отырыңыз:
- "Алматы жастары" бағдарламасы аясында берілетін несие саны артады
- Қазақстанда жыл басынан бері 18 мың пәтер пайдалануға берілді
Жұмыс берушілер тұрғын үй құрылысын инженерлік желілермен қамтамасыз етілген жер учаскелерінде жер заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асыруы тиіс.
Субсидия төлеу мәселесін қарау үшін жұмыс берушілер әкімшіге мынадай құжаттарды ұсынады:
- ауылда, кентте, ауылдық округте жалға берілетін тұрғынжай салған жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялауға өтініш;
- заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманың көшірмелері;
- деректемелері көрсетілген банк шотының болуы туралы анықтама;
- жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасында 5 жылдық мерзімге жасалған еңбек шарттарының көшірмелері;
- жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган берген жұмыс берушінің меншік құқығын немесе тұрғын үй құрылысына нысаналы мақсаты бар жер учаскесіне жер пайдалану құқығын растайтын құжат;
- аумақтық сәулет және қала құрылысы органымен келісілген эскиздік жоба немесе блокталған тұрғын үй құрылысына ведомстводан тыс кешенді сараптама қорытындысымен жобалау-сметалық құжаттама;
- ҚР бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес жасалған тұрғын үйдің (қоршалған аз қабатты үйдегі пәтердің) құнын бағалау туралы есеп;
- объектіні пайдалануға қабылдау актісі;
- меншік иесінің атына ресімделген "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы берген заңды тұлғалар үшін жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама;
- техникалық паспорт.