
Мамырда елордада өтетін PGL Astana 2025 киберспорт турнирі қарсаңында 14 мамырда Мәскеуден Астанаға қатынайтын ұшақ бортында белгілі стримерлер Вячеслав "buster" Леонтьев пен Владимир "bratishkinoff" Семенюк Counter-Strike 2 бойынша ойын өткізуді жоспарлап отыр.
Ресейлік инфлюенсерлер өз командасымен бірге ойынды 5x5 форматында ұйымдастырады. Айта кетерлік жайт, бесінші ойыншы конкурстан өткен көрермендердің бірі болады.
PGL Astana 2025 ұйымдастырушылары Counter-Strike ойынының мұндай форматы әлемде бірінші рет қолға алынып отырғанын айтты. Сондықтан, әуеде болған ойын таспаға түсіріліп, ол турнир аясында көпшілікке көрсетіледі.
Турнирге қатысу үшін Қазақстанға әлемнің үздік командалары келеді деп жоспарланған. Олардың қатарында Team Spirit, G2 Esports, Aurora Gaming (бұрынғы Eternal Fire), Natus Vincere, Virtus.pro және Astralis бар.
Еске салайық, турнирдің әнұранын қазақстандық диджей, "Грэмми" иегері Иманбек Зейкенов жазған.
Оқи отырыңыз: Елордада Automechanika Astana 2025 халықаралық көрмесі басталды