Иманбек Зейкенов (Imanbek) рэпер Saint JHN-тің Roses композициясына жасаған ремиксі үшін Grammy сыйлығын жеңіп алды. Композицияға сыйлық үздік классикалық емес ремикс номинациясы бойынша берілді.
Иманбек сыйлықты табыстау рәсіміне онлайн қатысты. Ол өз сөзінде ата-анасына және командасына алғыс айтты.
"Музыкант мансабында ең күшті нәрсе ол – Grammy-ді жеңу және бұл біздің қолымыздан келді!" – деп жазды Иманбек Instagram-да.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иманбек Зейкеновке аса беделді Grammy музыкалық сыйлығының табыс етілуі жөніндегі жаңалықты зор қуанышпен қабылдады.
"Өзінің таланты мен мақсат қоя білуінің арқасында диджей Imanbek әлемдік шоу-бизнестің басты сыйлықтарының бірін иеленді. Оның шығармашылығы Қазақстан жастарының да ең биік шыңдарды бағындыра алатынын дәлелдеді. Президент атынан Иманбекті осы жарқын жеңісімен құттықтаймын және жаңа шығармашылық табыстар тілеймін", – деді Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.
Оқи отырыңыз: Шымкенттік жас әнші АҚШ-та концерт берді. Ол қазақ әндерін жаңаша шырқайды
Иманбек Зейкенов Grammy сыйлығын алған қазақстандық алғашқы өнерпаз. Ол музыка саласында танымал болмай тұрып Павлодар облысындағы Ақсу қаласында теміржолшы мамандығын оқыды.
2019 жылы америкалық рэпер Saint JHN-тің Roses әніне жасаған ремиксі YouTube-та миллиондаған қаралым жинап, U.S. Billboard Hot 100 рейтингінің бестігіне кірген болатын. 2020 жылы мамырда британ хит-шеруінде бірінші орында тұрды. Содан кейін Effective records атты ресейлік дыбыс жазатын компаниямен серіктестік орнатып, Roses әнін орындаған Карлос Сент-Джонмен ремиксті ресми түрде шығаруға келісті. Оның сөзінше, Roses ремиксін жасауға 2 сағат 20 минут уақыт кеткен. Рэпер Saint JHN ресмикс үшін Иманбекке алғыс айтты.
Иманбек Зейкенов жақында әлемге танымал әнші Рита Ораның мини-альбомын жазды.
Алпыс үшінші Grammy сыйлығын марапаттау рәсімі Лос-Анджелесте өтті. Бұл марапат музыка саласында жылдың ең басты шарасы саналады және кино саласындағы "Оскар" сыйлығымен теңеседі.