Биылғы оқу жылының екінші тоқсанынан бастап астаналық оқушылар "8 минуттық көркем әдебиет оқу" жобасы аясында күнделікті сабақты кітап оқудан бастайды. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады. Бастаманы Астана білім басқармасы көтерген.
Хабарламаға сәйкес, оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, танымдық көзқарасын кеңейту мақсатында ұйымдастырылып отырған жоба аясында балалар күнде 8 минут кітап оқиды. Яғни, әр ауысымның алдында сабақ басталмас бұрын 8 минут уақытын кітап оқуға бөледі.
"Бұл жобаны бастаудағы мақсатымыз әрбір оқушы көркем әдебиет оқыса екен дейміз. Себебі, кітап оқыған оқушының білімі, ой-өрісі кеңейеді. Кітап оқудың пайдасы орасан зор. Сөздік қордың көбеюіне, мидың күнделікті жаттығуына және есте сақтау қабілетінің жетіліп, баланың шығармашылық ойлау жүйесін жақсартады. Одан өзге білім сапасын көтеруге тигізер әсері мол. Сол себепті осы жобаны ойлап тауып, мектептерге енгізіп отырмыз", – дейді Астана қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.
Сондай-ақ, хабарламада мектептерде "Буккросинг" бұрыштары ашылатынын жазылған. Онда оқушылар бір-бірімен кітап алмаса алады.
Оқи отырыңыз: Ертегіден естелікке дейін: Министрлер мен депутаттар жазда қандай кітап оқыды?