Тікелей эфир

Ақтөбеде жұмысшылар 4 жылдан бері жалақысын ала алмай жүр

Олар Қарғалы ауданында дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізген.

2018 жылы іргетасын қалап бастаған кешен бүгінде сақалды құрылысқа айналған. Бұл туралы Іnbusiness.kz жазды.

Ең алғаш қазығын қаққандар әлі күнге жалақысын күтіп жүр. Компанияның жұмысшыларға бережағы миллион теңгеден асып кеткен.

"ФОК-тың құрылысы басталып жатқан тұста жеке жүк көлігіммен кірдім жұмысқа. 2018-2019 жылдар болатын. Жұмысқа қабылдаған Әбілғазы Баянасов айлықты ертең берем, арғыгүні берем дегеніне сеніп, күтіп жүргенде жасым 70-ке келді. Жалақы да жоқ, Әбілғазы да жоқ, не істерімізді білмей жүрміз. Жалғыз мен емес, қаншама адам бар. Менің өзімге компания 1 млн 620 мың теңге қарыз", - дейді мерігер компанияда жұмыс жасаған Асанбай Ахметов.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Қарғалы ауданына жұмыс сапары кезінде құрылысы тоқтап тұрған дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барып, жұмысшылармен кездесті.

Облыс басшысымен кездесу барысында тұрғындар ұзақ жылдарға созылған нысанды тезірек аяқтауды сұраса, жұмысшылар өз мұң-мұқтажын айтты. Төрт жыл бойы жиналып қалған жалақы қарыздары 1 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін жеткендер бар екен. Жоба бойынша кешеннің ішінде бассейн де қарастырылған.

"Кешеннің құрылысымен айналысқан "БИ-М-72" ЖШС сотқа бердік. Сот арқылы келісім-шарты бұзып, құрылысқа бөлінген 150 млн теңгеге қайта  байқау жасап, мердігер анықтаймыз. Нысанның құрылысын міндетті түрде бітіреміз", - деді облыс әкімі Асхат Шахаров.

Ал Қарғалы ауданы әкімі Асқар Жүсібәлиевтің айтуынша, жалақыға қатысты дауларын айтып жұмысшылар еңбек инспекциясына, сотқа да жүгінген. Алайда, жұмыс берушімен еңбек келісім-шартын жасамаған.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары