Ақтөбенің шенеуніктері балабақшаға арналған жерді кәсіпкерге сатып жіберген. Бірақ коммерциялық нысанның құрылысына кірісіп кеткен жұмысшыларды жергілікті халық тоқтатты, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Көлік жөндеу орталығының құрылысы бір апта бұрын басталған. Жұмысшылар ғимараттың іргетасын құйып, қазір кірпішін қалап жатыр. Коммерциялық нысан 30 соттық жерге салынады деп жоспарланған. Бірақ тұрғындар жұмысты тоқтатты.
"Менің бес балам бар. Бесеуі де балабақшаға баратын жаста. Бұл жерді кезінде үкімет балабақшаға деп 30 соттық жер бөлген. Бұл жерде әкімшіліктегілердің өзі балабақша салынып жатыр дейді. Ал құжаттарға қарайтын болсақ, балабақша емес, біреудің жеке кәсібіне арналған ғимарат салынып жатыр", – деді Бауырластар-3 ықшам ауданының тұрғыны Алмаз Жақсыбеков.
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысындағы жер сілкінісі: Жұмысы тоқтаған "Балдәурен" балабақшасындағы 280 бала мен 70 қызметкер қайда барады
Жергілікті тұрғындар көрші аудандағы балабақшаға ұл-қызын апару қиынға соғатынын және ол жақта орын жетпей жатқанын айтады.
"Біріншіден, балалар ойнайтын алаң таба алмай жүрміз. Екіншіден, балабақша салатын жер таба алмай жүрсек, аукцион арқылы жерді жеке кәсіпкерге сатып жіберген екен. Осыны үкімет басшыларына жеткізгіміз келіп отыр. Құрылысты білген соң тоқтаттық", – деді Бауырластар-3 ықшам ауданының тұрғыны Анет Сарин.
Ал жауаптылар кәсіпкердің коммерциялық нысан салып жатқанын тұрғындардан естідік деп отыр. Анықтай келе жердің пайдалану мақсаты да басқа болып шыққан.
"Бұл жер учаскесі 2022 жылғы шілдеде аукцион арқылы алынған. Одан кейін 2023 жылғы қыркүйекте АПЗ-ден келісім алынған. АПЗ-да "диагностический центр с магазином" деп жазылып тұр екен. Алайда егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бойынша бұл жердің мақсаты балабақша салу үшін арналған. Қазіргі таңда жер пайдаланушымен сөйлесілді", – деді Ақтөбе жер мониторингі коммуналдық мекемесінің басшысы Алмат Сқақов.
Шенеуніктер кәсіпкер алдағы уақытта жобаны өзгертіп, балабақша құрылысына кіріседі деп отыр. Ал сөзінің салмағы жоқ атқамінерлерге сенбейміз деген халық құрылысты күні-түні өздері бақыламақ.
Оқи отырыңыз: "Қол көтеріп, жылағанды дәретханаға қамаған". БҚО-да балабақша тәрбиешісі мен көмекшісі жұмыстан қуылды
USD:
507.9 / 511.3
EUR:
590.5 / 595.5
RUB:
6.49 / 6.61