Ақтөбе облысы әкімі Асхат Шахаров Ақтөбе қаласының бірқатар мектебін аралап, оқушылардың ата-аналарымен әңгімелесті. Аймақ басшысы №21, 27 және 32 мектептерде болды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысы дүрбелең туғызып, үрейге бой алдыруға ешқандай себеп жоқ екенін атап өтті. Ол халықты сабырлы болуға, тек сенімді және ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.
"Үрейленуге себеп жоқ. Халықтан тыныштықты сақтап, тек сенімді, ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймын. Бұл хабарламалардың жалған екендігі бұрыннан белгілі. Дегенмен, қауіп төндіру туралы айтылғандықтан, барлық мектептерде қажетті қауіпсіздік шаралары қабылданды. Жағдай бақылауда", – деді Асхат Шахаров.
Еске салайық, әлеуметтік желіде 26 қаңтар күні Ақтөбе мектептеріне шабуыл жасауға дайындалып жатқаны туралы жалған ақпарат жарияланған. Дәл осындай, бірдей сарындағы мәтіндер мен фотосуреттер бар хабарламалар Ресейдің бірқатар қалаларында таратылған.