Тікелей эфир

Әнші Саят Медеуов мәтіні былапыт әндерге заңмен тыйым салуды сұрады

Ал Ғалымжан Молданазар керісінше жастарға еркіндік беру қажет екенін айтады.

Саят Медеуов депутаттардан былапыт сөздер айтып, оны интернетке жүктейтін азаматтарға тоқтау болатын заң шығаруды сұрады. Алайда кейбір әріптестері "әннің де жақсы-жаманын халық өзі ажырата білуі керек" деген пікірде, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы.

"Балалар ұятсыз сөздерді көп айтады. Үлкенді сыйлау деген жоқ. Сондықтан осы жағынан мемлекеттік тұрғыда интернет пен телевидениеде шектеу болуы керек. Жеке-жеке айтылмады емес, айтылды. Қоңырау шалып та айттым. Бірақ түсініп тұрған ешкім жоқ", – деді Саят Медеуов.

Десе де Саят Медеуов сахнадағы қай әріптестерінен көңілі қалғанын нақты атамады. Ал Ғалымжан Молданазар өнерді дамыта түсу үшін жастарға еркіндік беруге шақырды.

"Адамдар ұнаған соң тыңдайды. Оған ешнәрсе айта алмайсың. Әр заманда да солай болған. Адам жасы ұлғайған сайын жастардың жасағанын түсінбейді. Бірақ әркім соны түсінуі керек", – деді Ғалымжан Молданазар.


Оқи отырыңыз: Димаштан Иманбекке дейін. Шетелде танылып, кейін елімізде мойындалған қазақстандықтар 


Мәдениетке жауапты министрлік өкілдері демократиялық ел болған соң, кез келген адамның өзіндік ойы болатынын айтады. Алайда кей әншінің шектен шығып бара жатқанын жасырмайды.

"Демократия болған соң әркім өз ойын ашық айта білетін заманға жеттік. Бірақ оның артында не тұр? Біз кімбіз және қайда барамыз? Менталитетімізге келмейтін дүниені сахнаға алып шығып, біраз жаман сөздер айтылып жатыр. Ән ғана емес, кино да солай. Соның барлығына бір тоқтам болуы керек деп ойлаймын. Режиссер, сазгер және ақындар ойланса екен", – деді Жүсіпбек Елебеков атындағы эстарда және цирк колледжінің директоры.

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан жеңіл-желпі ән орындаушыларына "Мұзарт", Тоқтар мен Бейбіт және Досымжан Таңатаров секілді әншілерден үлгі алуға кеңес береді. Сондай-ақ, ол әлеуметтік желіні реттеу туралы заң қабылдау қажеттігін айтты.


Оқи отырыңыз: Димаш – миллиард жанкүйері бар адам. Әншінің фанаттары туралы


"Қазір көркемдік кеңес жоқ. Бұған қазір бағынбайды. Шын мәнінде, Саят айтқандай әлеуметтік желіні реттеу туралы арнайы құжат қабылдаған кезде ғана тоқтайды. Ал оның механизмін әріптестер мен осы салада жүрген азаматтар терең зерттеуі керек", – деді ҚР парламент мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан.

Серіктестер жаңалықтары