Алматы қаласының Бостандық ауданында биыл ауқымды көріктендіру бағдарламасы жүзеге асырылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде аудан әкімі Азамат Қалдыбеков мәлімдеді.
Жоба "қасбеттен қасбетке дейін" қағидаты бойынша іске асырылады. Оның аясында жалпы ұзындығы 32,9 шақырым болатын 9 негізгі көше толық жаңғыртылады. Атап айтқанда, Розыбакиев, Сәтбаев, Жароков, Тимирязев, Жандосов, Абай, Бұқар жырау, Масаншы және Мүсірепов көшелері қамтылады.
Бағдарлама шеңберінде көше жарықтандыру жүйесі жаңартылып, заманауи шамдар орнатылады. Сонымен қатар веложолдар, қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтар мен қоғамдық кеңістіктер салынады. Кешенді көгалдандыру жұмыстары да жүргізіліп, ірі ағаштар мен сәндік өсімдіктер отырғызылады.
Әкімнің айтуынша, негізгі мақсат – тұрғындарға қауіпсіз әрі жайлы қалалық орта қалыптастыру. Жоба тек жол жабынын емес, оған іргелес инфрақұрылымды толық жаңартуды көздейді.
Жаңғырту жұмыстарының маңызды бөлігі инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру болмақ. Атап айтқанда, ашық арықтар жабылып, "Таза аспан" қағидаты бойынша жерасты коммуникациялары жүргізіледі. Бұл көшелердің сыртқы келбетін жақсартып, инженерлік желілерді жүйелеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар экологиялық бағыттағы жоба да жүзеге асырылып жатыр. Үлкен Алматы өзені арнасы №1 тұндырғыштан Абай даңғылына дейінгі аралықта қайта жаңғыртылады. Жоба аясында жағалау нығайтылып, су бұру жүйесі дамытылады және жаңа демалыс аймақтары жасалады.
Қала әкімдігінің мәліметінше, өзендегі құрылыс-монтаж жұмыстары 30 мамырға дейін аяқталады, ал жалпы көріктендіру жобасын жыл соңына дейін тәмамдау жоспарланып отыр.