Тікелей эфир

Алматы облысында оқушылар қабырғалары сөгілген мектепте білім алып жатыр

Пайдалануға берілгеніне он жыл да болмаған білім ордасы қазір құлаудың аз-ақ алдында тұр.

Білім ордасындағы бірнеше жыл бұрын пайда болған сызаттар жер сілкінісінен кейін тіпті ажырап, арасы кеңейген. Көпшілік осыған дейін ешқандай шара болмағандықтан, нысан опырылып түсе ме деп алаңдаңдайды, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Мектептің бірнеше қабырғасында пайда болған жарықтар ғимараттың іші-сыртынан да көрініп тұр.

"Балаларымызды жіберуге қорқамыз. Жіберсек те жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Алдындағы жер сілкінісінен кейін ата-аналардың біразы жылап келіп, балаларымызды алып кеттік. Біз тағы да жер сілкінісі болса, балаларымыз үйінді астында қала ма деп қорқамыз", – деді Ащыбұлақ ауылының тұрғыны Индира Әбішева.


Оқи отырыңыз: Алматыда жер сілкінісінен үйі зақымданғандар мемлекеттен өтемақы алады


2013 жылы пайдалануға берілген мектепте бүгінде 2000-нан астам бала білім алады. Ал, бойын қорқыныш билеген ата-аналар ауылдағы жақын білім ордаларының барлығы толық болғандықтан, ауыстыру да үлкен қиындық тудыратынын айтты. Қабырғасы сөгілген мектеп басшылығы балалардың мойнына ысқыруық пен жеке деректерін жазып іліп қойған.

"Балаларымыздың мойныны ысқыруық пен бала туралы мәлімет жазылған бейджик іліп қойған. Біз дәл қазіргі жағдайда баламызды үйінділердің астынан іздеудің жолын іздеп жатқан сияқтымыз", – деді Ащыбұлақ ауылыны тұрғыны Мадина Кибирханова.

Ата-аналардың наразылығынан кейін білім ордасына жауапты мамандар келді. Айтуларынша, жер сілкінісінен соң ауданда 21 мектеп бүлінген. Олардың арасында екеуіне сараптама тағайындалған.

"Көзбен шолу арқылы визуалды сараптама жасалынды. Ол сараптаманың қорытындысы келді. Енді сараптама қорытындысына сәйкес, бұл мектептерді сейсмикалық апатты немесе апатты емес деп тану мақсатында дереу арада сейсмикалық тексеру жүргізуді ұсынды", – деді Іле аудандық білім бөлімінің маманы Гүлдана Сатиева.


Оқи отырыңыз: Алматы оқушылары мен мұғалімдері жер сілкінісіне қаншалықты дайын? Оқу министрінің жауабы


Бүгін-ертең ол комиссия келіп зерделеу жүргізеді.

"Төтенше жағдай алдын алу кезіндегі ұсынымдар бар. Ата-аналар «Балабақшада да осы ұсыным бойынша балалрдың мойнына ысқыруық пен жеке деректері жазылған бейджик ілінді. Сіздер неге үндемей отырсыздар?» дегендіктен, біз оқушылардың мойнына ысқыруық ілдік", – деді Іле аудандық №20 мектептің директоры Мейрамгүл Құткелдиева.

Білім ордасының жағдайын көріп алаңдаған ата-аналар балаларын онлайн оқытуға ауыстыруды талап етіп отыр. Сараптама қорытындысы қандай болары алдағы уақытта белгілі болмақ.

Серіктестер жаңалықтары