Тікелей эфир

Алматыда жер сілкінісінен үйі зақымданғандар мемлекеттен өтемақы алады

Қала тұрғындары баспаналарының зақымданғанын дәлелдеп, әкімдікке өтініш беруі керек.

Алматыда жер сілкінісі кезінде үйінің қабырғасы сөгіліп, жарықшақтар пайда болған қала тұрғындарына мемлекеттен өтемақы беріледі. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері мәлімдеді, деп хабарлай»ды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Қала тұрғындары баспаналарының зақымданғанын дәлелдеп, әкімдікке өтініш беруі керек. Содан кейін арнайы құрылған комиссия мүшелері ғимараттарды жан-жақты сараптамадан өткізеді. Яғни, олар тірек құрылымдарының бұзылуы немесе төбе, сылақ, қасбетті әрлеу сияқты жұмыстарға назар аударып, зерттейді.

Қалпына келтіру жұмысын қаржыландыруға келер болсақ, әлеуметтік нысандар бүлінген жағдайда жөндеу жұмыстары бюджет қаражаты есебінен жүргізілмек. Ал, тұрғын үйлерге қауіп төндіретін зақым болса, онда мемлекеттік органдардың бюджетінен қаржы бөлінеді. Әзірге тізім жинақталып жатыр. Соңғы деректерге сүйенсек, Алматыда жер асты дүмпуінен кейін 188 тұрғыннан өтініш түскен.


Оқи отырыңыз: Жер сілкінісінің ошағы Алматыға жақындап келеді. 130 жыл бұрынғы жойқын зілзала қайталана ма?


"Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарынан қираған тұрғын үй құрылысына Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерінен қаражат бөлінген жағдайда облыстың жергілікті атқарушы органдары растаушы құжаттардың негізінде тұрғын үйі авариялық деп танылған зардап шеккен азаматтардың тізімін ұсынады. Ғимараттар мен құрылыстардың тиімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп-қараудан кейін ғана анықталады", – деді ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тұрғын үй құрылысы басқармасының басшысы Амантай Телқожа.

Серіктестер жаңалықтары