Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Baq.kz басылымына берген сұхбатында мектептер мен өзге де білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік мәселесіне тоқталды.
Оның айтуынша, 2023 жылы білім ошақтарындағы қауіпсіздік мәселесіне ерекше ден қойылып, көптеген қауіпсіздік шаралары қолға алынған.
"2023 жылғы 1 қыркүйекке дейін республика бойынша білім беру мекемелерін тиісті ережеге сай қажетті қауіпсіздік құралдарымен қамтамасыз еттік. Олардың қатарында турникеттер, лицензиялық күзет қызметі, дабыл түймелері, бейнекамералар бар. Бейнебақылау жүйесі жедел ақпарат орталығына қосылды. Одан бөлек, өрт қауіпсіздігі, жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында төтенше жағдайлар министрлігімен бірге мектептерге бірнеше рет оқу-жаттығу шараларын ұйымдастырдық", – деді Ғани Бейсембаев.
Министрдің айтуынша, бұл жаттығулар өз нәтижесін биыл Алматыда болған қуатты жер сілкінісі кезінде көрсеткен.
"Әлеуметтік желіде жер сілкінісі кезінде мұғалімдер мен оқушылардың өзін қалай ұстағаны, қауіпсіздік шараларын қалай сақтағаны туралы видеолар тарап кетті. Міне, бұл біздің жұмысымыздың оң нәтижесін көрсетеді. Қаңтардағы зілзаладан кейін біз Алматыда тағы бір мәрте оқу-жаттығу шараларын өткіздік. Бұл шаралар жалғасын табады", – деді оқу министрі.
Оқи отырыңыз: Оқу министрі Бейсембаев мұғалімдердің орташа жалақысын атады