Тікелей эфир

Әлемдік табысы 1 миллиард долларды құраған тағы бір мультфильм қазақша сөйледі

Мультфильмнің бірінші бөлімі осыдан 14 жыл бұрын жарық көрген.

Көпшіліктің сүйікті супервайзері, зұлымдыққа қарсы лиганың агенті Грю мен оның отбасы туралы "Гадкий Я 4" мультфильмі қазақ тілінде дубляждалды. 

Былтыр "Миньондар: Грювитация" туындысы үлкен табысқа қол жеткізді. Ол бүкіл әлем бойынша шамамен 1 миллиард доллар табыс тапты.

Тарихтағы ең ірі жаһандық анимациялық франшиза өзінің жаңа тарауын бастап отыр. Грю, Люси және олардың қыздары – Марго, Эдит, Агнес және кіші Грю отбасының жаңа мүшесін қарсы алады. Грюдің жаңа жаулары пайда болады. Ол Максим Ле Маль мен оның тағдырлас досы Валентинамен бетпе-бет келеді. Осыған байланысты отбасы мүшелері жауларынан қашуға мәжбүр болады.

Үздіксіз экшен мен illumination қолтаңбасы байқалатын әзілге толы "Гадкий Я 4" фильмін "Миньондарды" жасаушылардың бірі, "Оскар" номинанты Крис Рено ("Жексұрын мен", "Үй жануарларының құпия өмірі") түсірген.


Оқи отырыңыз: Отандық мультипликаторлар қазақ тілінде 20 жаңа мультфильм түсірді


Фильмнің продюсерлері – Illumination негізін қалаушы және бас директоры Кристофер Меледандри мен Бретт Хоффман ("Ағайынды Супер Мариолар кинода" және "Миньондар: Грювитация" фильмдерінің атқарушы продюсері).

Тең-режиссері – Патрик Делаж ("Зверопой 2" және "Үй жануарларының құпия өмірі 2" мультфильмдерінің режиссері). Фильмнің сценарийін Эмми сыйлығының иегері, "Ақ лотос" туындысын жасаушы Майк Уайт пен "Жексұрын мен" фильмінің барлық бөлігінің сценарийінің авторы тәжірибелі маман Кен Даурио жазған.


Оқи отырыңыз: "Мультфильм киноның тасасында қалып қойған". Депутат балаларға арналған отандық анимацияны көбейтуді ұсынды


Қазақ тіліндегі дубляж режиссері Гүлназид Омарова, аудармашы Нұрдәулет Серікбаев, синхронды мәтін авторлары Айнагүл Садықова мен Гүлназид Омарова, супервайзер Jody Toll. Ал рөлдерді дубляждағандар: Грю – Азамат Қанапияев, Максим – Нұрсұлтан Кубиев, Люси – Гүлнәз Абсаттар, Директор Убельшлехт – Ерғали Төлебаев, Валентина – Гауһар Абжапарова, Агнес – Айзере Әуелхан, Марго – Ақерке Сүлейменова, Эдит – Кәусар Рысқұлбек, Поппи – Мадина Есманова, Сайлас – Жомарт Зейнәбіл, Перри – Бақытжан Жармұхамбетов, Петси – Әлима Қайырбекова, Сенсей О Салливан – Самат Қордабаев, Мелора – Ботакөз Жақыпбекова, Кішкентай Грю – Абдрахман Болат. 

Әйгілі "зұлымдыққа қарсы тұрушылар" туралы дастанның бірінші бөлімі 2010 жылы жарық көрді. Ол сол кезде "Үздік анимациялық фильм" номинациясы бойынша "Алтын глобус" жүлдесін иеленді. "Жексұрын мен – 2" 2013 жылы шықты, ал үшінші бөлімі 2017 жылы көрерменге жол тартқан болатын. 

Серіктестер жаңалықтары