Қоғамда дау туғызған киім коллекцияларының сатылымы уақытша тоқтатылды. Бұл туралы кәсіпкер Нұрбол Әзімжан Instagram парақшасында хабарлады.
"Біздің коллекцияға бола қазақ-қазақпен жаға жыртысып, бірін-бірі балағаттағанын қаламаймыз. Сол себепті "Бес арыс", "Әлихан Бөкейханұлы", "Үш бәйтерек", "Абай Құнанбайұлы" коллекцияларының сатылымы уақытша тоқтатылды", – деді кәсіпкер.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сондай-ақ, Нұрбол Әзімжан бұл тақырыпта білімді мамандармен сұхбат немесе еркін подкаст жанрында кеңесіп, видео түсіретін жоспары барын хабарлады. Бұл видеода адам бейнесімен көзсіз, көзбен дизайндар шығарудың дұрыс не бұрыс екені талқыланбақ.
Еске салайық, киімдерге көзсіз бейнеленген Алаш арыстарының суреттері әлеуметтік желіде дау тудырған болатын. Бұған қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мәлімдеме жасап, Алаш арыстарының көзі жасырылған киімдерді шығарып, сатудың дұрыс емес екенін хабарлаған болатын.
Бұл мәселеге қатысты 31 арна эфирінде пікір білдірген мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев кәсіпкердің ісіна Алаш арыстарын қорлау деп баға берді.
"Мұндай көзқарастағы азаматтарды тек заңдық негіздегі емес, ел арасында қоғамдық айыптау пайда болуы қажет", – деді Елнұр Бейсенбаев.
Оқи отырыңыз: Көзсіз бейнеленген Алаш арыстары: ҚМДБ өз ұстанымын жариялады