Алакөл жағалауында шомылу маусымының қызған шағында демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күш-құралдары көл жағасында күшейтілген режимде қызмет атқарып жатыр, деп мәлімдеді Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, полковник Игорь Жуков.
Бүгінде Ақши ауылындағы арнайы бөлімшеде 13 құтқарушы жыл бойы тұрақты кезекшілікте тұр. Бұдан бөлек, маусымдық жұмыстарға өрт сөндіру қызметінен 5 мамандандырылған қызметкер мен екі өрт сөндіру автоцистернасы (АЦ-5-40), сондай-ақ жедел-құтқару жасағының 4 маманы тартылған. Судағы және жағалаудағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге Үшаралдағы 28 237 әскери бөлімінен (Ұзынағаш) 3 әскери қызметші қосылып, жағалауды жаяу патрульдеп жүр.
Өңірдегі су айдындарындағы тыныштық пен тәртіпті бақылау бағытында атқарылып жатқан ауқымды істер туралы Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, полковник Игорь Жуков кеңінен айтып берді.
"Алакөл жағалауы – 250-ден астам демалыс орны тіркелген, демалушылар ең көп шоғырланған аймақтардың бірі. Мұнда су көліктерінің қарасы өте көп. Қазіргі таңда қолда бар күш-құралдармен күнделікті рейдтік шараларды жүргізіп жатырмыз. Әкімдік тарапынан жағалау бойына 34 бейнекамера орнатылды. Кезекші құтқарушылар бейнебақылау арқылы судағы кез келген қауіпті жағдайды қадағалап, ТЖ қаупі төнгенде патрульдік топты бірден оқиға орнына бағыттайды. Бұған қоса, "Көктұмадағы" "Шағала" және "Жалын" балалар лагерлерінде де балалардың қауіпсіздігі толық қадағалауда", – деп атап өтті Игорь Евгенийұлы.
1 шілдеден бастап шағын көлемді кемелерді пайдалануды бақылау функциясы Төтенше жағдайлар министрлігінің құзырына берілген болатын. Жаңа өкілеттілік аясында инспекторлық құрам ереже бұзушылармен күресті күшейтті. Өкілеттілік берілген 25 күннің ішінде көлде шағын көлемді кемелерге қатысты 140-тан астам әкімшілік айыппұл салынған.
Оқи отырыңыз: Алакөл туристік маусымға толық дайын: биыл жағалауда не өзгерді
Игорь Жуковтың айтуынша, басты мақсат – айыппұл салу емес, түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
"Катер мен гидроцикл иелері маусымның қысқалығын сылтауратып, заң талаптарын елемей жатады. Алайда қауіпсіздік талаптары баршаға ортақ. Ереже бұзушыларға 10-нан 30 АЕК-ке дейін әкімшілік айыппұл қарастырылған. Ал талапты мүлдем елемейтін бұзақылар үшін әкімдік арнайы айып тұрағын ұйымдастырды. Заңбұзушылық жойылғанша су көліктері сонда қамалады", – дейді полковник.
Департамент өкілі демалушылар мен су көлігі иелеріне арнайы ескерту жасады. Автокөлік немесе мотоцикл жүргізушісінің куәлігі шағын көлемді кемені басқаруға құқық бермейді. Су көлігін тізгіндеу үшін де автомектеп сияқты арнайы оқыту курсынан өтіп, сертификат алу және ХҚКО-да емтихан тапсырып, тиісті куәлікке ие болу шарт.
Сондай-ақ спикер жағалаудағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, су айдындарындағы ережелерді сақтауда БАҚ өкілдері мен блогерлердің халыққа ақпарат таратудағы рөлі зор екенін де тілге тиек етті.
Оқи отырыңыз: Жаңа ЖЭО, теміржол және Алакөл: Берік Уәли президентке өңірдегі ірі жобаларды таныстырды