USD: 479.1 / 481.7
  • EUR: 545.5 / 550.5
  • RUB: 5.85 / 5.97
Тікелей эфир
Алматы +22C
Все города

Алакөл туристік маусымға толық дайын: биыл жағалауда не өзгерді

Фото: Жазира Пірімқұл
Фото: Жазира Пірімқұл
Биыл демалушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға басымдық беріліп, санитариялық инфрақұрылым айтарлықтай кеңейтілді.

Жетісу облысындағы Алакөл көлінің жағалауы жазғы туристік маусымға толық дайындалды. Биыл мұнда 2 миллионнан астам демалушы келеді деп күтіліп жатыр. Осыған байланысты жағалауда санитариялық және қауіпсіздік инфрақұрылымы күшейтіліп, медициналық қызмет толық қамтамасыз етілді. Сонымен қатар өңірде миллиардтаған теңгенің инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалары жүзеге асырылып жатыр.

Жағалауда жалпы саны 720 қоқыс жинау құралы орнатылды. Оның ішінде 470 қоқыс контейнері, 50 торлы контейнер, 100 қоқыс жәшігі және 100 пластикалық контейнер бар. Бұдан бөлек, 44 киім ауыстыру кабинасы, 24 модульдік дәретхана қойылып, қажет болған жағдайда қосымша 45 биодәретхана орнатылады.

Туристердің қауіпсіздігі үшін жағалау бойына 40 құтқару мұнарасы, ұзындығы 13 шақырымға жететін қалқымалы буй желісі және 7 пирс орнатылды. Сонымен қатар 14 бағыттаушы белгі мен 38 ақпараттық стенд қойылып, демалушылардың қажетті ақпаратты жылдам алуына мүмкіндік жасалды.

Санитариялық тазалықты қамтамасыз ету үшін арнайы "Алакөл Тазалық" коммуналдық кәсіпорны жұмыс істейді. Кәсіпорында 49 қызметкер еңбек етеді және олардың қарамағында қоқыс таситын көліктерден бастап бульдозер, автогрейдер, қайықтар мен басқа да арнайы техникаларды қамтитын 22 бірлік техника бар.

Жазғы маусымда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге 50-ге жуық полиция қызметкері, 16 қызметтік автокөлік және 5 дрон жұмылдырылған. Сондай-ақ жағалауда тәулік бойы жұмыс істейтін 39 бейнебақылау камерасы орнатылған. Судағы қауіпсіздікке 14 құтқарушы жауап береді. Олардың қарамағында 11 жүзу құралы, оның ішінде 4 катер мен 7 металл қайық бар.

Фото: Жазира Пірімқұл

Туристерге медициналық көмек көрсету де күшейтілген. Ақши ауылындағы медициналық пунктке қосымша Талдықорғаннан төрт медицина қызметкері тартылып, жедел жәрдем бригадасының тәулік бойғы кезекшілігі ұйымдастырылған. Ал Көктұма ауылында алты медицина қызметкері жұмыс істейтін дәрігерлік амбулатория қызмет көрсетеді.

Сонымен бірге Алакөлде бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Ақши ауылында құны 9,7 млрд теңге болатын кәріздік тазарту құрылысының құрылысы жалғасуда. Көктұма ауылындағы кәріз желілерінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалған. Ал жалпы құны 17,8 млрд теңге болатын жағалауды бекіту жобасы іске асырылып жатыр. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының жалпы дайындық деңгейі 21 пайызды құрайды.

Инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. 2025 жылы Алакөл жағалауында жалпы құны 1,9 млрд теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба пайдалануға берілсе, биыл жалпы құны 985 млн теңгенің төрт жобасын іске асыру жоспарланған. Оның үшеуі туристік маусымның басында пайдалануға берілді.

Өңірде туристер саны жыл сайын артып келеді. 2023 жылы Алакөлде 1,6 млн адам демалса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1,7 млн-ға, ал 2025 жылы 1,8 млн адамға жеткен. Биыл жағалауға 2 миллионнан астам демалушы келеді деп күтілуде. Сонымен қатар шетелдік туристер саны өткен жылмен салыстырғанда 82 пайызға өскен.

Фото: Жазира Пірімқұл

"Алакөл – өңірдің ғана емес, еліміздің ең маңызды туристік орталықтарының бірі. Сондықтан біздің басты міндетіміз – демалушылар үшін қауіпсіз, таза әрі жайлы жағдай жасау. Осы мақсатта жағалау инфрақұрылымы жаңартылып, инженерлік желілер дамытылып, инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Алдағы жылдары да Алакөлдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасады", – деді Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Қапашұлы.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау