Кездесуде Президентке Абай облысының 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және биылғы төрт айдағы көрсеткіштері туралы есеп берілді. Өңір басшысы өткен жылы өңірлік жалпы өнім көлемі 3,9 триллион теңгеге жеткенін мәлімдеді. Ал биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 103,8 пайызды құраған. Инвестиция көлемі 19,4 пайызға өсіп, өнеркәсіп, өңдеу секторы, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік салаларында оң динамика сақталды, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.
Берік Уәли инвестиция тарту бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде де егжей-тегжейлі баяндады. Былтырдан бастап жалпы инвестициялық пулға кіретін жобалар саны 29-дан 112-ге дейін ұлғайып, тартылатын инвестиция көлемі 2,2 триллион теңгеден 4,4 триллион теңгеге дейін артқан. Ірі инвестициялық жобалар қатарында құны 577,5 миллиард теңге болатын "Аягөз – Бақты" теміржол желісінің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ Семей қаласында құны 714 миллиард теңгені құрайтын жаңа жылу электр орталығы мен жалпы инвестиция көлемі 255 миллиард теңге болатын тау-кен байыту комбинатын салу жобалары жүзеге асырылып жатыр.
Оқи отырыңыз: Қазақстан шетел инвестициясын тарту бойынша аймақта көш бастап тұр
Сонымен қатар аймақ басшысы арнайы экономикалық аймақ құру жұмыстары туралы ақпарат берді. Семей қаласында жоспарланған аймақта жалпы құны 400 миллиард теңгені құрайтын өндірістік жобаларды іске асыру және 2500 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген, бүгінде үш ірі жоба бойынша ұсыныс келіп түскен. Бұдан бөлек, Алакөл туристік аймағын дамыту барысы сөз болды. Биыл жағалау инфрақұрылымын жаңғыртуға 15,4 миллиард теңге бөлінсе, соның ішінде электр желілерін тарту және Үржар әуежайының терминалын реконструкциялау үшін Арнаулы мемлекеттік қордан 11,6 миллиард теңге қарастырылған.
Әкім өңірдегі инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытында қолға алынған жобаларды, атап айтқанда, сумен жабдықтау, кәріз және жылу желілерін жаңарту, Семей қаласындағы жаңа көпір құрылысын аяқтау, тұрғын үй құрылысы мен жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын таныстырды. Кездесу соңында Мемлекет басшысы өңірге инвестиция тарту жұмыстарын күшейту, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, сондай-ақ "Абайға құрмет" акциясын лайықты деңгейде жүзеге асыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.