Тікелей эфир

Айықпас дерті бар балаларға тиесілі тамақтың ақшасын жеп қойған кім?

Ата-аналар үш бөлке пісіретін ұнды 4 мың теңгеге сатып алуға мәжбүр.

Жамбыл облысында ата-аналар өмір бойы диета ұстауы тиіс науқас жандарға тегін берілетін ас-ауқатты алмағанына наразылық білдірді. Тендер ұтып алған азаматтар тиісті қаражатты жеп қойды ма деп күдіктенеді, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы.  

Целиакия дертіне шалдыққан балалар арнайы ұнтақ тағаммен қоректенеді. Ата-аналардың айтуынша, шетелден келетін бұл тағамды сатып алуға оларда қаражат жоқ. 

"Бір айда көп кетеді. Бірі 1800 теңге болса, ұнның бағасы – 4 мың теңге. Ал бұл ұннан үш бөлке ғана пісіре аласың", – деді Жуалы ауданының тұрғыны Венера Садырбаева. 

"Мұны Италиядан алып келеді. "Шер" деген фирма бар. Ал басқа тамақ жесе, іші өтіп, аллергия болып құсады. Бізге о баста "өмірлік диета" деп айтқан. Диета ұстамасаңыздар, асқазанында рак пайда болатынын ескертті. Таразда бір бала осы целиакиядан көз жұмды. Қан кетіп қайтыс болды. Өз көзімізбен көрдік", – деді Байзақ ауданының тұрғыны Айжан Оразбаева. 


Оқи отырыңыз: Мүгедектігі бар азаматтарға нотариустер тегін қызмет көрсетеді


Облыс бойынша осы ауруға шалдыққан 53 бала тіркелген. Бірақ ешқайсы тегін берілуі тиіс тағамды алмаған. 

"Бір емес, екі рет тендер ұтып алған. Осы жердегі ата-аналардың ешқайсысы алмаған. Мен де алмадым. 53 баланың ешқайсысы алмады. Бірақ Алматы, Шымкент және астанада алып жатыр", – деді Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғыны Гүлнәр Қожаниязова. 

Мұнымен қатар, ата-аналар бұл дертке шалдыққан балаларын ІІІ топтағы мүгедектігі бар науқастар санатынан алып тастағанына наразы. 

"Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығында сирек кездесетін аурулар тізімінде бұл індет түсіп қалған. Бірақ қазір осы бұйрыққа өзгеріс енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Жуық арада шешімін табады. Біз тікелей байланыстамыз. Қаражат қарастырылған", – деді Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев. 


Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаты: Мүгедектікті алу мерзімі бір жылға дейін созылады


Жоспар бойынша бұл мәселе күздің алғашқы айына дейін шешілуі тиіс. Оған дейін 53 отбасы өзге аймақтардан қажет ас-ауқат сатып алуға мәжбүр. 

Серіктестер жаңалықтары