Тікелей эфир

Мүгедектігі бар азаматтарға нотариустер тегін қызмет көрсетеді

Мүгедектігі бар баланы шипажайға емдеуге алып жүретін заңды өкілінің біреуіне 70 пайыз жеңілдік жасау туралы шешім қабылданды.

Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған және Қазақстан Республикасының заңнамасында кемсітушілік терминдерді жою және "мүгедек" деген ұғымды "мүгедектігі бар адам", "мүгедек бала" деген ұғымды "мүгедектігі бар балаға" ауыстыру туралы "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасы мәжілісте екінші оқылымда мақұлданды, деп мәлімдеді мәжілістің әлеуметтік мәдени даму комитетінің мүшесі Лариса Павловец.

"Мүгедектігі бар азаматтардың денсаулық сақтау ұйымдарында бірінші кезекте қызмет көрсету, техникалық және құқықтық сипаттағы әрекеттерді жасау кезінде жеке нотариустердің қызметін тегін алу, ақпаратқа қол жеткізу және кедергісіз орта қалыптастыру құқықтарымен қамтамасыз ету бөлігінде бірқатар өзгеріс пен толықтыру бар", – деді Лариса Павловец.


Оқи отырыңыз: Мәжіліс мүгедектігі бар адамдарды партия тізіміне қосу туралы заң жобасын мақұлдады


Заң жобасына ерекше қажеттілігі бар азаматарға еңбекке қабілеттіліктен айыру дәрежесін белгілеу туралы медициналық-әлеуметтік сараптамадан сырттай өту мүмкіндігін беру, дәріханасы жоқ ауылдық жерлердегі азаматтар үшін медициналық бұйымдар мен дәрілік заттарды денсаулық сақтау ұйымдары арқылы өткізу сынды түзету енгізілді.

"Мұнымен қатар, аталған заң жобасында мүгедектігі бар баланы шипажайға емдеуге алып жүретін заңды өкілінің біреуіне 70% жеңілдік жасау туралы шешім қабылданды. Бұдан өзге жүріп-тұруы шектелген азаматтарды тасымалдауға бейімделген автобустарды көбірек сатып алу сияқты нормаларды 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізу туралы шешім қабылданды. Комитет "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, оны парламент сенатының қарауына жіберуге болады деп есептейді", – деді Лариса Павловец.


Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаты: Мүгедектікті алу мерзімі бір жылға дейін созылады


 

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары