Құқық қорғаушы, қоғам белсендісі Айгерім Құсайынова Информбюро порталына берген сұхбатында Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты өз ойын айтты. Оның сөзінше, бұл іс алқабилердің қоғамдағы маңызын танытады.
"Бұл іс бүкіл халықты алаңдатты. Біз Бишімбаевты өмір бақи бас бостандығынан айыруды талап етеміз. Алайда ол үшін алқабилер алқасындағы он адамның барлығы бірауыздан келісуі керек. Бұл қылмыс орын алды ма, бұл қылмысты жасаған Бишімбаев па және ол кінәлі деп танылды ма деген үш сұраққа барлық алқаби "иә" деп жауап берсе, ол өмір бақи бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал алты, жеті, сегіз адам "иә" десе, онда судья шешімімен одан қысқарақ мерзім, 20-25 жыл тағайындалуы мүмкін", – деді Айгерім Құсайынова.
Оқи отырыңыз: "Бишімбаев синдромы": Жаңа заңдар тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін шеше ала ма
Сондай-ақ, ол Қылмыстық кодекске "әйел өлтіру" деген жеке бап енгізу туралы ұсынысын да айтты.
"Бишімбаевтың кейсі бүкіл Қазақстандағы әйел құқығына деген көзқарасты өзгертіп, құқықтық реформаға үлкен өзгерістерге әкеледі. Бүкіл әлем бұған қарап отыр. Президенттің өзі назарда ұстап отырған кейс. Меніңше, Бишімбаевтың кейсінен кейін Қазақстанда алдағы бес жылда фемицид деген қылмыс Қылмыстық кодекске еніп, адам өлтіру мен әйел өлтіру бөлек бап ретінде қарастырылады деп ойлаймын. Мысалы, бізде адам ұрлау деген бап бар, қыз алып қашу деген бап жоқ. Қырғызстанда екі бөлек бап бар. Соңғы құрылтайда президент қыз алып қашуды "масқара, қараңғылық, заңсыздық" деп айтты. Президент осылай деп есептесе, Қазақстанда адам өлтіру мен әйелді азаптап өлтіру екітүрлі сипатта болса, онда біз Қылмыстық кодекске адам ұрлаудан бөлек әйел өлтіру бабын қосуды талап етеміз", – деді құқық қорғаушы.
Сұхбаттың толық нұсқасын осы сілтеме арқылы өтіп оқуға болады.