Ұлы Отан соғысының ардагері Құрмат Рахимов Күршім ауылындағы мұқтаж жандарға қол ұшын берді. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Осы ауылда туып-өскен және 17 жасында майданға аттанған. Ардагер туған жерінде соңғы рет 14 жыл бұрын барған. Жақында тағы да барып қайтты.
"Өзіңді өсірген жерге деген сағынышты қазір ерекше сезінесің. Мен туған жерімде соңғы рет 2010 жылы болдым. Сол кезде туған жердің ауасын жұтқым келді. Келгеніме қатты қуаныштымын", – деп бөлісті ардагер.
Ұлы Отан соғысының ардагері және ішкі істер органдарының отставкадағы милиция полковнигі Құрмат Рахимовты ІІО және ҰҰ ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Үдербаев пен ШҚО ПД тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы Ерхат Шалқыбаев туған жеріне алып барды.
Сонымен қатар, Құрмат Рахимов мектеп оқушыларына және полиция қызметкерлеріне ерлік сабағын өткізді.
"Отанға қызмет ету үшін ең алдымен патриот болу керек. Өзіңмен тынымсыз жұмыс істеу, шеберлікті арттыру және уақыт келгенде Отан алдындағы парызыңды абыроймен орындау қажет", – деп атап өтті батыр.
Ақсақалдың Күршім ауылына сапары мұнымен біткен жоқ. Ардагер қиын өмірлік жағдайға тап болған жерлестеріне қаржылай көмек көрсетіп, Азия турнирінде бокстан алтын алған жергілікті спортшы Шырын Мәнәпованың жетістігін мақтанышпен атап өтті.
Оқи отырыңыз: Шымкентте ғасыр жасаған ардагерге құрмет көрсетілді
Ардагер естелік ретінде білім ошағына қажетті құрал-жабдықтарды, мектеп директорына өз кітабын сыйға тартты, ақсақал аудан әкімінің иығына ұлттық шапан жауып, баршаға ізгі тілекпен бата берді. Өз кезегінде жас оқушы Құрмат Рахимовқа өзі салған ақсақалдың портреті бар суретті сыйға тартты.