Тікелей эфир

"80 мың өтініш". Биыл талапкерлер қай мамандықтарды көп таңдады?

80 мыңға жуық талапкер білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға өтініш берді.

Байқау нәтижелері 15 тамызға дейін жарияланады, деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Үміткерлер арасында басым құқыққа ие болатын 20 мыңнан астам адам бар. Олардың ішінде "Алтын белгі" иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары мен оқу үздіктері бар.

"Өтініштердің көпшілігі "Педагогикалық ғылымдар", "Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары" және "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар" сияқты бағыттарға берілді. Қабылдау науқанының нәтижесіне сәйкес болашақ мұғалімдер, тіс дәрігерлері және инженерлер арасында бір гранттық орынға ең үлкен конкурс болады", – деп атап өтті ҚР ҒЖБ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Халықтың әлеуметтік осал топтарына бөлінетін гранттар саны көбейтілді. Кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін гранттардың жалпы санының 5 пайызы, кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардан шыққан балаларға – 1 пайызы, І, ІІ топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан түлектерге білім беру гранттарының 1 пайызы көзделген.


Оқи отырыңыз: ҰБТ тапсырмай-ақ грантқа түсу мүмкіндігі кімдерге беріледі?


Жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен I, II топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар арасынан шыққан азаматтар үшін квота гранттар санының 1 пайызын құрайды.

Сондай-ақ ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтарға және ҚР азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарға квота қарастырылған.


Оқи отырыңыз: "Қазақстан халқына" қорының білім беру грантын алуға тамызда өтінім беруге болады


Айта кетейік, білім грантын тағайындауға арналған конкурсқа құжаттар 13-22 шілде аралығында қабылданды. 

Серіктестер жаңалықтары