Тікелей эфир

"7 балалы отбасына жылына 2 млн теңге төленеді". Бектенов жәрдемақы мөлшері туралы

Қазақстанда 6 бала тәрбиелеген ана "Күміс алқаға", 7 баланың анасы "Алтын алқаға" ұсынылады.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында көп балалы отбасыларға төленетін жәрдемақыға қатысты айтты. 

"Балалы отбасыларға берілетін төлем түрі бірнешеу екеніне қарамастан, қоғамда "жәрдемақы мөлшері төмен" деген пікір жиі талқыланып тұрады, себебі жәрдемақының әр түрі дербес төлем ретінде қабылданады. Ал егер оларды жиынтық төлем ретінде алатын болсақ, мысалы, 2024 жылы 7 баласы бар отбасына ай сайын 163 778 теңге, яғни 1 жыл ішінде бюджеттен 2 млн теңгеге жуық қаражат беріледі (1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне – 32 859 теңге, көпбалалы отбасына – 103 598 теңге, "Алтын алқамен" наградталған анаға – 27 321 теңге)", – деді Олжас Бектенов. 

Оның айтуынша, көпбалалы отбасы мәртебесі уақытша берілетінін және үлкен баласы 18 жасқа немесе күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын болса, 23 жасқа толған соң мұндай санаттан шығарылады. Өйткені, кәмелет жасына толған адам азаматтық құқықтарға және міндеттерге ие болады. Сәйкесінше, ата-анасын өзін қамтамасыз етуден босатады.

"Қолданыстағы жүйе балалы отбасын қолдаудың мемлекеттік саясатының тиімділігін көрсетеді. Бала кәмелеттік жасқа толған немесе білім беру ұйымдарында оқуды бітірген кезеңде көп балалы отбасына жәрдемақы төлеуді жалғастыру көп балалы отбасына жәрдемақы төлеуді енгізу идеологиясына қайшы келеді. Бұдан басқа, аталған ұсыныс кәмелеттік жасқа толмаған бір-үш баласы бар және көпбалалы отбасы мәртебесі жоқ отбасыларға қатысты әлеуметтік теңсіздікке алып келеді", – деп жауап берді үкімет басшысы.


Оқи отырыңыз:


Олжас Бектенов Қазақстандағы көп балалы отбасыларды қолдау жүйесінің басқа елдерден артықшылықтары барын да атап өтті. Мысалы, Қазақстанда 6 бала тәрбиелеген ана "Күміс алқаға", жеті баласы бар ана "Алтын алқаға" ұсынылады. Ал Ресей мен Қырғызстанда мемлекеттік наградаларға кемінде 7 бала тәрбиелеген әйелдер, Түрікменстанда 8 және одан да көп бала тәрбиелеген әйелдер үміткер бола алады. 

Серіктестер жаңалықтары