Тікелей эфир

300 орынға – 900 оқушы. Шымкентте көл маңында салынатын жаңа мектепке тұрғындар қарсы

Ал жергілікті әкімнің мемлекеттік мектеп салу туралы уәде бергеніне 4 жыл уақыт өткен.

Шымкенттегі "Тәуелсіздікке 20 жыл" елді мекенінің тұрғындары Оқу-ағарту министрлігінен көмек сұрап отыр. Олардың айтуынша, 300 орынға шақталған шағын ғана білім ошағында қазіргі таңда 900-ге жуық бала оқиды. Әкім жаңа мектеп салу туралы уәдесін 4 жылдан бері орындамаған. Бұл туралы 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы хабарлады.

"Тәуелсіздікке 20 жыл" елді мекеніндегі №95 жалпы орта мектебі 20 жыл бұрын пайдалануға берілген. Бірақ, оның сапасына тұрғындардың көңілі толмайды. Кабинеттері тар, әрі саны аз. Білім ошағының жиһаздары да әбден ескірген. Ал нысанның төбесінен су өтіп, сынып бөлмелерінің қабырғалары көгерген. 

"Бұл мектеп басында 300 оқушыға арналған екен, қазір мұнда 800-900 оқушы үш ауысымда білім алады", – дейді тұрғын Малика Төлегенова. 

Ата-аналардың айтуынша, мектептегі акт залы да ескі. Сондықтан, тозығы жеткен залдың есігінен құлып алынбайды. Ал спорт залдың жоқтығынан оқушылар мектептің лайға айналған ауласында шынығуға мәжбүр. 

"Аудан әкімі кезінде ауыл шаруашылығындағы жерді мемлекеттің балансына өткізіп, мектеп соғып беремін деп уәде берген. Одан бері 4 жыл уақыт өтті. Енді айдаладағы жүзімдікте жекеменшік мектеп соғылмақшы. Ол мектепке ата-аналардың бәрі қарсы", – деді тұрғын Ақбөпе Менжанова.


Оқи отырыңыз: Өңірлерде әкімдіктер 155 мектептің құрылысына жер бөлмеген


Жүзімдіктің айналасында айтарлықтай үлкен жасанды көл бар. Тұрғындар оған көпір салғанмен, балалар үшін бәрібір қауіпті екенін айтады. Ал жауапты мамандар мемлекеттік мектеп салуға жер бөлінгенше, жекеменшік нысан жылдамырақ бой көтереді дейді.   

"Жеке инвестор мектеп салуды күн жылығаннан кейін бастаймыз деп отыр. Құрылысын бастаған жағдайда, 600 орындық жаңа мектеп ғимаратын 2023 жылдың қыркүйек айына дейін бітіріп береміз деп отыр. Мектеп салынған жағдайда біз жеке инвестор есебінен көпір салып беруге өтініш жазатын боламыз. Ал ол кісілер тарапынан қолдау таппаған жағдайда мемлекет бюджеті есебінен сұраныс беріледі", – деді Шымкент қаласы білім басқармасының бөлім басшысы Тұрар Сауытов.

Ал жұртшылық бюджетке салынатын көпірдің құнына мемлекеттік мектеп салған игі еді дейді. Ата-аналар көлі бар қауіпті аумаққа балаларын жібермейтінін айтып отыр.

Серіктестер жаңалықтары