Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1991 жылдан бері қанша Қазақстан азаматы тарихи отанына оралғанын хабарлады.
2024 жылы 16 535 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 144,9 мың этникалық қазақ оралды. Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың 45,9% - Қытайдан, 39,2% – Өзбекстаннан, 5,8% – Моңғолиядан, 5,2% – Түрікменстаннан, 2,8% – Ресейден және 1,1% басқа елдерден, – делінген хабарламада.
1 қарашадағы жағдай бойынша, еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 57,4%, еңбекке қабілетті жастан кіші 33,2% және зейнеткерлер 9,4% болды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,8%-ы жоғары білімді, 24,8%-ы орта кәсіби білімді, 54,4%-ы жалпы орта білімді, және 3%-ында білім жоқ. Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен бірге қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары, делінген хабарламада.
Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы - 3 033 адам. 2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 2 841 қандас қоныс аударды.